Түркияда демалу құны қыркүйек айында төмендейді - Туристік Қамқор
ҚазАқпарат
Түркия бағытындағы бағалар қыркүйектен бастап төмендей бастайды.
Доллардың қымбаттауына байланысты қазақстандықтар үшін шетелде демалу бағасы айтарлықтай өзгермейді. Бұл туралы «Туристік Қамқор» корпоративті қорының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Туристік жолдамалардың бағасы негізінен АҚШ долларымен қалыптасатынын ескерсек, олардың өзіндік құны сәл ғана өзгереді, тек теңгемен қайта есептегендегі бағасы ғана өсуі мүмкін. Себебі туроператорлар бағаларды қазіргі курспен қайта есептейді, ал доллардың курсы біраз өскені байқалады. Сол себепті туристік жолдамалардың бағасы өскен жоқ, тек оның теңгемен қайта есептегендегі құны өзгерді деген дұрыс болады. Алайда, доллармен алғандағы жолдамалардың да бағасы бірқалыпты емес. Бағыты, маусымы мен қонақ үйдің жайлылығына қарай бағаның құбылуы қалыпты жағдай. Доллардың сәл қымбаттай түсуі үстіміздегі жылғы жаз маусымында туристік ағымға еш кері әсерін тигізген жоқ. Жаздың үш айында 140 мың қазақстандық туркодпен шетелде демалып үлгерді. 2017 жылы 260 мың адам демалған болатын. Яғни, алыс шетелде демалуды жоспарлайтын отандастарымыздың саны жыл санап артып келе жатқанын байқауға болады», - деп хабарлайды «Туристік Қамқор» Корпоративті Қоры.
Сарапшылардың мәліметінше, тамыз айының соңында мұсылман әлемінде аталып өтілетін үлкен мерекеге байланысты (Құрбан айт- авт.) туристік жолдамалардың бағасы біршама қымбаттайды.
«Түркия бағытындағы бағалар қыркүйектен бастап төмендей бастайды. Бұл кезде Қазақстанда жаңа оқу жылы басталады, яғни демалушылар саны күрт азаяды. Қазақстандықтар Түркияны отбасымен демалу үшін таңдайды. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Қыркүйектің соңында Түркияда бес жұлдызды қонақүйде екі адамға шаққандағы сегіз күндік демалыстың құны 800 мың теңге болса, Мысырда тура осындай демалыс 500 мың теңгеге түспек. Мысырда күз бен қыс айларында демалыс бағасы жоғарыласа, Түркиядағы демалыстың бағасы керісінше біртіндеп арзандай түспек», - делінген таратылған мәліметте.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript