ҚазҰУ постдокторантура бағдарламасын ашты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындарының біріншісі болып постдокторлық бағдарламасын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл маңызды қадам университетті озық әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттеріне айналдыруға және әлемдік ғылыми-білім беру қоғамдастығындағы қазақстандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға бағытталған.
Дүниежүзілік тәжірибеде потсдокторантура институты жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлаудың тиімді нысандарының бірі, әрі ғылымның негізгі қозғалтқышы болып табылады. ҚазҰУ-дың жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін постдокторантура бағдарламасы ең алдымен ғылыми дәрежесі бар жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, олардың жүргізген дербес ғылыми зерттеулерін тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер аясында және жоғары рейтингілі ғылыми басылымдарында жариялау арқылы өзектілігін арттыру мүмкіндігін береді.
Қазақстандағы постдокторантура бағдарламасын алғаш ашқан жоғары оқу орны ретінде ҚазҰУ талантты жас ғалымдарды қолдау үрдісін айқындап, университеттің индустриялық-инновациялық және білімге негізделген экономиканың орталығы ретінде қалыптасуының келесі кезеңін жүзеге асыруда.
Бұл жаңашылдық Қазақстан үшін қажетті ғылыми кадрларды даярлауға қатысты маңызды мәселелерді шешуге, жастарды «жылыстаудан» «тартуға» және «ғұламалардың айналымына» жұмылдыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама, сондай-ақ, ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметіне тек қазакстандық қана емес, сонымен бірге бүкіл әлемнің ғалымдарын тартуға септігін тигізетін болады және де отандық ғылымның әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне ары қарай интеграциялануына мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта университет жоспарлы түрде алға жылжып, беделді әлемдік рейтингілердегі өз позицияларын нығайтуда, сондай-ақ заманауи ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар ірі зияткерлік корпорация болып табылады.