Екібастұзда 41 адамды бірден жұмыстан шығарған балабақша директоры сөгіс алды
Екібастұз қаласында 41 адамды бірден жұмыстан шығарып жіберген «Балбөбек» балабашқасының директоры қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесі мамандары шағымынан соң балабақшада арнайы тексеріс басталды. Нәтижесінде келеңсіз жағдайдың болғаны расталды.
Екібастұз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Наталья Нефедованый айтуынша, қызметтік тексеріс туралы бұйрыққа сәйкес білім бөлімінің мамандары балабақшаға арнайы комиссия құрып барды.
«Осы жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында 41 адамның жұмыстан шыққаны расталды. Олардың қатарындағы бес зейнеткер қосымша жұмыс жасап жүргендіктен, орындарын босатты. Тағы бес адам зейнет жасына толуына байланысты жұмыстан кетті. Көшуіне байланысты – алты, оқуға түсуіне орай – үш, денсаулығына байланысты алты адам еңбек келісімшартын тоқтатқан. Қалған 16 қызметкер басқа жұмысқа ауысымен жұмыстан шыққан», - дейді Наталья Нефедова.
Кәсіподақ тарапынан сауалнама да жүргізілді. Нәтижесінде қызметкерлердің 95%-ы еңбек шартына көңілдерінің толатынын хабарлады. Ал 80%-ы директормен болған келіспеушіліктерді жоққа шығарды.
Екібастұз қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеріс нәтижесінде №22 балабақшаның директоры Лейла Оразбаева мен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жанат Ибраевке сөгіс жарияланды.
«Бұл жағдайды назарда ұстаймыз. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қаржылық құжаттардың барлығын тексеруде. Қорытындысы белгілі болған соң, нақты шешім қабылданады», - деп хабарлады әкімдіктен.