Ақышев теңге бағамы туралы: Қазіргі жағдай қаржылық тұрақтылыққа қауіпті емес
Валюта нарығында теңге бағамы жыл басынан бері 10 қыркүйек аралығында 13,8%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 378,11 теңге болды. Ресей рублінің жыл басынан бері 22%-ға құлдырауынан басқа дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына елеулі әлсіреу факторы теңге бағамына әсер етуде. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасы Данияр Ақышев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол жыл басынан бастап Аргентина песосы 2 есе, түрік лирасы 69%-ға, Бразилия реалы 23%-ға, Оңтүстік Африка ранды 23%-ға, үнді рупийі 12%-ға, Қытай юані 5%-ға әлсірегенін атап өтті.
«Қазақстан Ұлттық Банкі валютаға сұраныс оған ұсыныстан айтарлықтай асқанда бағам ауытқуын реттейді, алайда тұтастай алғанда, іргелі үрдіске кедергі келтірмейді. Қазіргі кезде бұл бағамның құбылуына әкеледі, ал ұзақ мерзімді аралықта макроэкономикалық тұрақтылықты және төлем балансының орнықтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі жағдай қаржылық тұрақтылыққа және банктердегі ахуалға қауіпті емес», - дейді Ақышев.
Ол сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінің 2018 жылғы 10 қыркүйектен бастап теңгенің ресми бағамын қалыптастыруға арналған тәсілін өзгерткенін хабарлады. Енді ресми бағам Қазақстан қор биржасындағы Т+1 есеп айырысу мерзімдерімен негізгі және қосымша сессиялардың қорытындылары бойынша белгіленеді.
«Бұл тәсіл халықаралық практикаға толығымен сәйкес келеді. Кешегі сауда-саттық қорытындылары жаңа есеп айырысуға өтудің табысты екенін және нарыққа қатысушыларға ыңғайсыздық туғызбағанын көрсетті», - дейді ол.