"Канелоның" промоутері Головкинге келесі кездесу шарттарын ұсынды
Сауль "Канело" Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойя Сауль "Канело" Альварестің Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
15 қыркүйек күні Лас-Вегас қаласында қазақстандық боксшы мен мексикалық боксшы арасында реванш өтті. Жекпе-жек 12 раундқа созылып, төрешілер шешімімен Альварес жеңіске жетті. Ал Головкин өзінің карьерасында алғаш рет жеңіліс тапты. Кейін екі спортшы да үшінші кездесу өткізуге дайын екендерін жеткізді.
"Головкиннің командасы үшінші жекпе-жекті өткізуді қалайтындары сөзсіз. Бірақ біз шындыққа тура қарауымыз керек. Боксшылар жаңа ғана жұдырықтасты, екеуі де шаршады. Оларды дәл қазір қайта жұдырықтастыру ақымақтық болатын еді. "Канело" супер жұлдыз ретінде өз жолымен жүретін болады. Ол бұған осы соңғы жекпе-жектің арқасында жетіп отыр.
Головкин қайта қалыпқа келіп, бірнеше боксшымен жұдырықтасып жеңіске жетсін.
Содан кейін ғана біз оларды кездестіретін боламыз", — деді промоутер.
Де Ла Хойя өзінің спортшысының жеңісіне қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ, Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес те мексикалық спортшыны мақтаған-ды. Бұдан өзге әлем чемпионы титулы үшін үміткер болған Ванес Мартиросян жекпе-жекті қайта қарап шыққанын жазды. Оның айтуынша, бұл кездесуде Головкин жеңіске жетті.