Айсәуле Бақытбек есірткіге тәуелді достары жайлы ашық айтып берді
Баян Алагөзованың тұңғыш қызы есірткі тақырыбын қозғап, тағы да елді шулатты. Айсәуле Бақытбек нашақор достарының көп екенін ашық айтып, есірткі саудасына сан мәрте куә болғанын жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
“Есірткіні қайдан алуға болатынын білемін. Оның саудасына талай мәрте куә болғанмын. Өзім көп жылдан бері танитын адамдардың көз алдымда өзгеріп, тәуелді болып бара жатқанын көрдім”, – дейді Айсәуле.
Бақытбекқызының айтуынша, халық есірткіге әсіресе байдың балалары әуес болады деп ойлайды. Алайда шын мәнінде, нашақорлыққа салыну үшін көп ақшаның қажеті жоқ, дейді ол.
“Жалған-жұмақ” үшін көп ақша қажет деген бос ұғым. Ол үшін миллиондаған ақша да, таныс та керек емес. Қазақстанда оны алу үшін бар болғаны дәріханаға кіру жеткілікті. Кей жағдайда дәрігердің нұсқаулығын жоғалтып не ұмытып кеттім деп айту керек. Ең сорақысы, ата-ана баласының есірткіге тәуелді екенін білмей қалуы да мүмкін. Күн сайын есірткіге тәуелді адамдармен араласқан мен оны ұзақ уақыт бойы байқаған да жоқпын.
Дәріханалық есірткіге құрбыларымның бірі тәуелді екенін білгенде қатты таңырқадым. Бірақ оны бүтін бір топтың пайдаланатынын білгенде бірдеңе жасау керектігін түсіндім. Оған тәуелді адамдардың жақындары мені түсінетін шығар, есірткіні алып қою, түсіндіру, тіпті қорқытудың мәні жоқ. Есірткіні қажет еткен адам оны қалай да табады”, – дейді Бақытбек.
Айсәуле осылайша денсаулық сақтау министрлігінің назарын осы мәселеге аударғысы келеді. Бойжеткеннің айтуынша, дәріханада улы заттың ашықтан ашық саудалануына қандай да бір тосқауыл қою қажет.