Емшіге барып, орнынан тұра алмай қалған қызылордалық келіншек қайтыс болды
Осыдан 3 ай бұрын Шымкент қаласы Сайрам ауылында бір перзентке зар болған бір топ келіншек «алаяқ-емшіге алдандық» деп шу шығарған болатын. Солардың бірі қызылордалық Баймағамбетова Жарқын күні кеше қайтыс болды. Оның соңғы сөзі жазылған аудионы белгілі заңгер Айгүл Орынбек Sn.kz тілшісіне жолдады.
1973 жылғы Баймағамбетова Жарқын бұл аудионы ауруханада жатқанда жазыпты.
«Мен де Ұнсынайдың құрбанымын. Қазір ауруханада жатырмын. Мүгедек боп қалдым. Екі бүйрегім істемейді. Менің айтқанымды жеткізіңдер», - деген марқұм кінәлінің жазалануын жалбарынып сұраған.
Айгүл Орынбек қылмыстық істің әлі күнге дұрыс жүргізілмей жатқанын айтады.
«Қылмыстық істің басталғанына бірнеше ай өтсе де, емшіні полицейлер қамауға алмады. Тергеу жүргізіліп жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Емшінің емханасы әлі жұмысын жалғастырып жатыр», - дейді заңгер.
Еске сала кетейік, 16 шілде күні Шымкент қаласы Сайрам ауылында бір топ келіншек алаяқ емшінің құрбаны болғандарын айтып, 300 мыңнан 1 млн 500 мың теңгеге дейін ақша бергендерін мәлімдеген. Ақырында бала табамыз деп барғандар бастарына бәле тілеп қайтыпты. Ал, Ұнсынай апай деп жүрген емші әйел өзіне жала жабылғанын айтып, керісінше қоқан лоқы көріп жүргенін жеткізген.