Қуандық Бишімбаевтің қымбат коттеджі мәдениет үйі болады
10 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тиесілі мүліктер мемлекеттің меншігіне өтуде. Солардың бірі - Астанадан 25 шақырым жерде орналасқан зәулім коттежд. Нысан сот шешімімен аудан әкімдігіне берілді. Бұл туралы zakon.kz, "Atameken Business Channel" жариялаған ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
Ол енді Қосшы ауылының мәдениет үйі болады.
Сот 62 млн теңге деп бағалаған үйде Бишімбаев өзі тұрмаған. Тек, аңға шыққанда келіп тұратын болыпты. Мұнда үлкен холл, үш жатын бөлме, монша мен бассейн бар.
Әкімдіктегілердің айтуынша, тәркіленген үй олардың балансындағы қазіргі ең қымбат нысан болып отыр. Тек ағаштан тұрғызылған бұл үйде 10-нан аса үйірме ашылып, 20-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Ал қоғам белсенделері болса, жемқор шенеуніктердің дүние-мүлкін мемлекет меншігіне өткізгеннен гөрі, мұқтаж жандарға таратып беру керек деп санайды.
«Өз басым қолдаймын. Өйткені жемқорлықтың кесірінен пайда болған ғимараттар бос тұрғанша керісінше халыққа жұмыс істесін, халыққа берілсін. Мен оны қолдаймын. Қаншама жемқорлыққа байланысты істерді көріп тұрмыз. Бірақ конфискация алынған, ақша қайда кетеді, конфискацияланған көліктер, пәтерлер қайда кетеді. Бәрімізге бей мәлім. Ал жергілікті халыққа мәдениет үйі қылды ғой. 01 07 Керісінше жергілікті халыққа пайда алып келсін. Жергілікті халық қызығын көрсін. Дұрыс», - дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.
Еске сала кетейін, Қуандық Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бірқатар адаммен алдын-ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталған.
Тіпті Қызылордадағы шыны зауытына деп бюджеттен бөлінген 1 миллиардтан астам теңгені де жалған фирмалар арқылы қолды қылған.