"Сұлу Сырдың егізіндей, сүлейлердің лебізіндей – Тасбөгет" атты айтыскер ақындар қатысты
Есіл мен Сырдың жағасындағы еліміздің ордасы атанған Астана мен Қызылорда, бірі – 20 жылдық, екіншісі – 200 жылдық мерейтойларын атап жатқанда Сырдария өзеніне салынған су тоспасымен тағдырлас Тасбөгет кентінің де 70 жылдығы осы елеулі екі оқиғамен тұстас келіп отыр.
Тасбөгет кентінің тарихы Сырдария өзеніне салынған су тоспасымен өзектес. Құрылыс салуға қатысып жатқан жұмысшылардың ірге тепкен мекенінде Тасбөгет поселкелік Кеңесін құру туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 16 наурыздағы Жарлығы қабылданды. Қызылорда плотинасын салып, Сырдария арнасындағы суды реттеу арқылы өзен бойындағы игерілмей жатқан жерді кең ауқымда егіс алқабы ретінде пайдалану көлемі артып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, облысымыз Сыр елінің мақтанышы – ақ күріштің отанына айналды.
Қазіргі күні Тасбөгет кент облыс орталығының оңтүстігімен тұтасып жатқан үлкен аймағының бірі.
Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында Тасбөгет кентінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында "Тұран төріндегі Тасбөгет" атты кітап және Тасбөгет кентінің "Тасбөгет – киелі мекен" атты әннің тұсауы кесілді.
Шара "Сұлу Сырдың егізіндей, сүлейлердің лебізіндей – Тасбөгет" атты аймақтық ақындар айтысымен жалғасын тапты.
Жыр додасына республикамызға танымал айтыскер ақындар қатысты. Олар: Әділбек Сырым – (Астана қаласы), АянНиязбеков – (Қызылорда қаласы), Нартай Тілеуқұл – (Ақтөбе қаласы), Ержігіт Бекжан – (Қызылорда облысы, Шиелі ауданы), Мөлдір Айтбай – (Қызылорда қаласы), Бек Шымат – (Астана қаласы), Нұрмұхамед Байсүгіров – (Қарағанды қаласы), Дәурен Ысқақов – (Шымкент қаласы), Ботагөз Мұхитдин – (Жезқазған қаласы), Ержеңіс Әбдиев – (Қызылорда облысы, Тасбөгет кенті).
Сонымен қатар, айтысқа Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы төрелік етсе, эколог-ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхамеджан Нұрханов және Мемлекеттік Жастар Сыйлығының иегері, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің жүлдегері, Қорқыт Ата Мемлекеттік Университетінің докторанты Назгүл Бердіқожа қазылық етті.
Айтысқ орытындысы бойынша, Ержеңіс Әбдиев – Бас жүлде /300 000/, Дәурен Ысқақов – І орын /200 000/, Мөлдір Айтбай – ІІ орын /150 000/, Ботагөз Мұхитдин – ІІІ орын /100 000/, Әділбек Сырым – Алғыс /50 000/, Аян Ниязбеков – Алғыс /50 000/, Нартай Тілеуқұл – Алғыс /50 000/, Ержігіт Бекжан – Алғыс /50 000/, Бек Шымат – Алғыс /50 000/, Нұрмұхамед Байсүгіров – Алғыс /50 000/ дипломдар мен жүлделер табыс етілді.