“Сәлем, ене”: Айсәуле Бақытбек ерте тұрып, сәлем салуға дайын ба?
Айсәуле Бақытбек сүйіктісі Әлішермен өзінің 18 жасқа толған туған күнінде танысқан. Қос ғашық 4 жылға жуық уақыт қыз бен жігіт болып кездесіп келген. Бүгінде Әлішер мен Айсәуле үлкен тойға дайындалып жатыр. “Түнгі студия” бағдарламасына қатысқан Айсәуле сүйіктісімен қалай танысқанын әңгімеледі, деп жазады Stan.kz.
“Есімі – Әлішер. Камераны жақтырмайды, сол себепті мен онымен түскен суреттерді көп жарияламаймын. Екеуміздің қарым-қатынасымыз менің 18 жас туған күнімде басталды. Ол менің 22 жас туған күнімде ұсыныс жасады. Ортақ таныстарымыз таныстырды”, – дейді Баян Алагөзованың қызы.
Бір қызығы, Әлішерді алғаш болып Айсәуленің өзі ұнатқан.
“Мен жиі ғашық бола беретін қыз емеспін. Бірақ шынымды айтсам, мен бірінші ғашық болдым”, – дейді ол.
Осыдан бірер ай бұрын сүйіктісі Айсәулеге ерекше ұсыныс жасаған болатын. Бүгінде желі оқырмандары бойжеткенге “той қашан?” деген сауалды жиі жолдайтын көрінеді.
“Кей кезде менің оқырмандарым менің тойымды өзімнен де артық күтіп жүргендей сезінемін. Бұған дейін айтқанымдай, жігітім екеуміздің өміріміз жайлы айтқанымды қаламайды. Сондықтан да мен оны сыйлап, ештеңе айтпай-ақ қояйын. Құпия болып қалсын, той болған кезде білесіздер. Неге екенін, бізде ел ұсыныс жасаса болды, 1-2 айда үйлену керек деп ойлайды. Бізде бәрі жақсы”, – деп түсіндірді Айсәуле.
Бұдан өзге, Баян Алагөзованың қызы тойға қатысты тың жоспарларымен бөлісті.
“Анама тойға келген қонақтардың ұялы телефонын алып қояйық деп ұсыныс жасадым, себебі мен тойымды барша Instagram оқырмандарының көргенін қаламаймын. Анам бәрін шақырайын деп жатыр”, – дейді Айсәуле Бақытбек.
Сондай-ақ, Айсәуле болашақ енесінің керемет адам екенін айтып, “сәлем, ене” деп оған телеэфир арқылы қол бұлғады. “Ал ерте тұрып, сәлем салуға дайынсың ба?” – деген сауалға келгенде Айсәуле абдырап қалды.
“Мен бұндай сұрақтарға дайын емеспін. Міндетті түрде барлық қыздар салу керек пе?” – деп абыржыды ол. Аздаған кідірістен кейін:
“Бәрі жақсы болады, мен бәріне дайынмын. Сәлем саламын ба, білмеймін. Міндетті түрде бәріне сәлем беру керек пе? Онда мен де жаттығуға кірісейін”, – деп жауап берді ол.