Қазақстан облыстарының ІІД баспасөз қызметінің басшылары Текелі қаласының қарттарына құрмет көрсетті
Алматы облысында өтіп жатқан «Парасатты полицей» республикалық конкурсы барысында қатысушылар Текелі қаласындағы Қариялар үйіне барып, аға ұрпаққа құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтарын тарту етті,- деп хабарлайды zakon.kz, Алматы облысы ІІД Баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Іс-шара қонақтары республикалық іс-шара аясында Халықаралық Қарттар күніне орай Текелі қаласындағы «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы аға буын өкілдеріне елімізді өркендетуге қосқан сүбелі үлестері үшін өз алғыстарын білдіріп, кәдесыйларын таратты.
«Алдыңғы толқын ағаларға құрмет көрсету, кішілік міндеттерді орындау – жастардың парызы. Жасы үлкен қарияларымыз үшін ең алдымен оларға көңіл бөлу керек екенін түсіну қажет. Еліміздің барлық өңірлерінен келген «Парасатты полицей» конкурсына қатысушы командалардың жетекшілері бүгін осы жерге келіп, ата-әжелерімізбен сұқбаттасып, сыйлықтар берді. Алматы облысы полиция департаменті оркестрінің орындауында тамаша концерт қойып, қарияларды марқайтып тастады»,- деп хабарлайды тәртіп сақшылары таратқан ақпаратта.
Өз кезегінде қариялар қонақтар ұсынған сый-сияпат пен музыкалық шашуға ризашылығын білдіріп, баянмен әдемі әуендер ойнап, әуезді ән айтты. Шат-шадыман күйге еніп, барлық қатысушыларға жіңіс тұғырынан көрінуді тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының 3-5 күндері Жетісу жерінде «Парасатты полицей» республикалық іс-шарасы өтуде. Еліміздегі ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындары қызметкерлері арасында мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру мақсатында ІХ рет өткізіліп отырған іс-шараға еліміздің барлық аймағынан 21 команда дүбірлі додада бағын сынауда.