Алматылық келіншек өз танысынан зорлық көргенін жайып салды
Алматылық Дина есімді келіншек өзінің танысынан зорлық көргенін айтып шағымданды. Бүгінде бұрынғы махаббатынан қорқып жүрген әйел отбасымен бірге қала ішінде қашып жүр. Пәтер жалдап тұруда. Бұл туралы stan.kz, 31 арнаға сілтеме беріп хабарлады.
Полицияға арыз жазғанымен, ондағылар зорлықшыны әлі таппапты. Ал осы уақытқа дейін әйелге көрсетпегені қалмаған азамат телефонмен қоқан-лоққы көрсетеді екен. Динаның қорыққандығы соншалық, оның есімін атағанда-ақ аяқ-қолы дірілдеп кететін көрінеді.
“Көліктен тапанша алып шығып, отыр деді. Баламен бірге көлікке салып Ұзынағаш жаққа ашық далаға алып барды. Баланы өлтірем деді, үстіме бензин құйып өртеп жібермекші болды. “Сен қаш, мен атамын, тимесе аман қаласың” деді. Полицияға бірден арыздануға қорықтым, әлі де қорқамын”, – дейді Дина Майғожина.
Келіншектің айтуына қарағанда, оны қорлап, зорлық көрсеткен азамат өзінің бұрынғы махаббаты. Екеуінің арасында осыдан төрт жыл бұрын махаббат оты тұтанған. Алайда Дина азаматтың отбасылы екенін кейін білген ұқсайды.
Күдікті келіншекті несиеге көлік алуға үгіттеген. Бүгінде темір тұлпар азаматтың астында. Автоны қайтаруды сұрағанда Динаға да, оның жақындарына да сес көрсеткен. Тіпті, анасына қару кезеген. Ал осыдан 1 ай бұрын болған оқиға келіншектің де, оның анасының да есінен кетер емес.
“Дворға әкеліп тастап кетіпті. Үсті-басы быт-шыт қызымның. Жыртылған, көгала қойдай. Денесінің мына жақтарының бәрін ұрған, басының бәрі шишка-шишка. Бұл жылап, үндемей отыр екен”, – дейді зардап шегушінің анасы Риза Мұсаханова.
Алғашында Алматының Әуезов аудандық полициясына шағым айтып барғанда, олар оқиға болған Жамбыл ауданына бағыттаған. Төрт күн өткен соң шағымды қабылдаған Ұзынағаштағы тәртіп сақшылары сараптама тағайындап, тергеуді бастапты. Ал сараптама қорытындысы енді дайын болды.
“Қылмыстық іс Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімінің өнідірісінде. Дегенмен, Алматы облыстық ішкі істер басқармасының бақылауына алынған. Аталған факті бойынша тағайындалған сараптаманың қорытындысы алынды”,- дейді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 120 бабы, яғни зорлау дерегі бойынша іс қозғалған. Егер Дина Майғожина жапа шектім деген азаматтың қылмысы дәледенсе, оған сот 5 жылдан 10 жылға дейін жаза кесуі мүмкін.