Сағынтаев білім министрлігіне үшауысымды мектеп мәселесін шешуді тапсырды
Baq.kz
Үшауысымды мектептің ең көбі Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Ақмола облыстарында орналасқан.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев білім берудің өзекті мәселелерін талқыланған Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевқа бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Байқап отырғанымыздай, білім беру саласының проблемалары жетерлік. Мемлекет басшысының өз Жолдауында білім беру саласына көп мән бергені де кездейсоқтық емес. Елбасы ата-аналардың өз балаларының қауіпсіздік жағдайына алаңдаушылық білдіріп отырғанын атап өтті. Сондықтан білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесе осы мәселеге ерекше мән беруі тиіс», - деп тапсырды Үкімет басшысы әріптестеріне.
Ол елімізде 127 үшауысымды мектеп барын, оның ең көбі Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Ақмола облыстарында орналасқанын атап өтті.
«371 мектепте тамақтандыру ұйымдастырылмаған, 310 мектеп ауыз сумен қамтамасыз етілмеген, 759 мектеп суды сырттан алдырады. Оның ішінде Қостанай облысында – 118 мектеп, Қарағандыда – 119 мектеп. Кедергісіз орта жасау проблемасы сақталып отыр. Кіреберістегі пандустар мекептердің 75% ғана, ал ғимараттар ішіндегі пандустар 6% процентке орнатылған. Төрт өңірде БҚО, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан облыстарында спорт залдары жоқ мектептер саны көп», - деп атап өтті министр.
Премьер-министр мектеп мәселесін шешуге Жолдауда көрсетілген 50 млрд теңгеге қосымша алдағы үш жылдық бюджетте қарастырылған 47 млрд теңге, барлығы 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын айтты. Осылайша жыл сайын 30-39 мектептен, үш жылда 80 мектепке дейін салынатын болады.
«Бұл жерде сіздердің тараптарыңыздан былтырдан бері пилоттық режимде басталған жан басына қаржыландыру механизмін қолдануларыңыз қажет. Тек қана бюджеттен бере беріңіздер демей, басқа да мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Бизнес тарапынан үлкен сұраныс бар. Соны пайдалана білу қажет. Министрлік оқушылар мен ұстаздардың, ата-аналардың алаңдаушылығын тудыратын жаңашылдық бойынша шұғыл және нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп санайды. Білім және ғылым министрлігі Елбасының жолдауын іске асыру бойынша жалпыұлттық жоспардағы барлық міндеттерді нақты орындауы қажет», - деп сөзін түйіндеді Бақытжан Сағынтаев.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript