Жаңа спорттық кешен ашылды
Бөрлі ауданының іргелі елді мекендерінің бірі Бөрлі ауылында облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен жаңа спорттық кешен салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, волейбол, футбол, баскетбол, допты хоккей, шаңғы үйірмелері жұмыс жасайтын болады. Ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жұмыстары да жоспарланған. Ол үшін аудан әкімдігі кешен жанынан хоккей мен футбол алаңдары салынады деп жосапарлап отыр.
Жалпы, Бөрлі ауылының гүлденуіне көп жұмыс жасалды. 4200 халқы бар ауылға тек өткен жылдың өзінде 5 миллиард қаражат құйылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыз су кіргізіліп, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауылдағы басты көше тақтайдай тегістелді.
- Бөрлі ауылы жақсы жерде орналасқан. Табиғаты да жақсы. Еңбекқор халқы бар. Жастардың саны көбейіп келеді. Елбасы өз Жолдауында спорттық кешендерді көбейту керек, деді. Өйткені, жастар дене шынықтырумен айналысса, денсаулығы мықты болады. Жастар дегеніміз - сіз бен біздің балаларымыз, болашағымыз. Сондықтан біздің жоспарымызға сәйкес, «Нұр Отан» партиясымен бірге осындай шалғай аудандарда жүз спорт алаңын саламыз. – деді, өз сөзінде Алтай Сейдірұлы.
Бөрлі ауылының көркін аша түсетін халыққа берер пайдасы мол нысан КПО б.в. компаниясының әлеуметтік жобасы негізінде салынды. Жобалық құны 321 млн. теңге болатын кешен 320 орынға лайықталды.
Шарада КПО б.в. компаниясы бас директорының орынбасары Марат Каримов сөз алып, ауыл халқын құттықтады.
- Биылғы жылы облыс бойынша 35 млн. АҚШ долларына 36 жоба іске асырылады. Оның бесеуі Бөрлі ауданында іске асты. Жалпы соңғы үш жылда кәсіпорыннан бөлінетін 20 млн. АҚШ долларының үстінен 10 млн.доллар бөлінген болатын. Сол 10 млн.долларға Бөрлі ауданында 22 жоба іске асты. Осы жұмыстар өз жалғасын табады. КПО компаниясы ретінде Елбасының бұқаралық спортты дамыту тапсырмасын орындауға қосқан үлесіміз үшін өте қуаныштымыз. - деді, Марат Шәйдоллаұлы.
Кешеннің ашылуымен жаңа 30 жұмыс орны ашылды. Оның 10-ы әдіскерлер болса, қалғаны әкімшілік, техникалық қызметкерлер. Облыс басшысы кешеннің ішін аралап көріп, спортты серік еткен жастармен теннис ойнап, естелік суретке түсуді де ұмытпады.
Газет тілшісі Айым Нұрғалиева