Павлодарда баспанаға кезекте тұрған 700-ден астам адам тізімнен шығарылған
Облыс орталығында мүлікті түгендеу жүргізу барысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұрған 767 адам тізімнен алынып тастаған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қалалық қаржы бөлімінің басшысы Әлия Қажыбаева айтты.
- Жыл сайын желтоқсан айынан сәуірге дейін түгендеу жүргізіледі, - дейді Әлия Қажыбаева. - Пәтер алу үшін кезекте тұрған әр адам бойынша өкілетті органға сауал жолданады. Яғни, баспананың бар-жоғы анықталады. Егер де Павлодарда тұрмаса немесе пәтер алған жағдайда кезектен алынып тастайды. Бірінші жартыжылдың қорытындысы бойынша тұғын үй комиссиясы түгендеу тізімін бекітіп, сайттарға орналастырады. Бүгінге дейін кезектің өзгеруі туралы шағым болмады.
Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 16012 адам тұр.
Оның ішінде 2184-і ата-анасының қамқорлығынан айырылған, 4086-сы толық емес отбасы, 330 көпбалалы отбасы, 1137-сі І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан, 449-ы жарымжан бала тәрбиелеп отырған отбасы, 728-і зейнеткер, 198-і ауыр дертке шалдыққан, 151-і ҰОС қатысушыларға теңестірілген, 2261-і мемлекеттік қызметші, 438-і әскери қызметші және 31-і тұрғын үйлері апаттық жағдайда деп танылған. Бөлім басшысының айтуынша, 2018 жылы шілде айында әлеуметтік әлсіз топқа жататын тұрғындарға сатып алу құқығынсыз 72 пәтерден тұратын Ломов көшесі, 154/4 мекенжайы бойынша тұрғын үй тапсырылған.
Баспаналы болғандардың ішінде бір ҰОС ардагері, бір «Алтын алқа» иегері, 15 жетім, 55 әлеуметтік әлсіз топтағы адам бар. Жылдың соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы алты ипотекалық тұрғын үй қолданысқа енгізіледі.
Ақбота Сейсенбаева