Астана тұрғыны бір айда 106 рет жедел жәрдем шақырды
Астанада 86 жастағы кейуана бір айдың ішінде 106 рет жедел жәрдем шақырды. Бұл туралы Елорда Инфо тілшісіне Астана қаласының жедел медициналық жәрдем стансасының ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімінің басшысы Бота Садетхан айтты.
«Жедел жәрдемді жиі шақыратын науқастар бар. Өткен жылы 86 жастағы науқас жедел жәрдем бригадасын бір айда 106 рет шақырды. Біз оның мекен-жайын жатқа білеміз. Әр шақыртуына бардық. Себебі, ол кеудесінің жүрек тұсы ауыратынын айтып шағымданды. Оған қоса созылмалы аурулары да көп. Бармай қалу – қауіпті», - деді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, кейуананы қарттар үйіне орналастырғаннан соң, шақырту тоқтады.
2017 жылы «Жедел медициналық жәрдем қызметі туралы» жаңа бұйрық бекітілді. Соған сәйкес шұғыл жедел жәрдем шақыртулары төрт санат бойынша сараланатын болады. Жедел жәрдем форматын өзгертуге созылмалы аурулар бойынша шақыртулардың көбеюі себеп болды.
«Қазір біз төрт санат бойынша жұмыс істейміз. Жедел жәрдемді жиі шақыратын науқастарды емханаларға тапсырдық. Ондай науқастарға емханалардағы жедел жәрдем бригадалары немесе учаскелік дәрігер барады. Осылайша жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүктемесі азайып, сәйкесінше бригадалардың науқастарға жету уақыты қысқарды», - деді Бота Садетхан.
Айта кетейік, бүгінде Астана қаласының Жедел медициналық жәрдем орталығының диспетчерлік қызметіне 2500-ге жуық өтінім түсіп, оның 1500-ге жуығына жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.