Мәжіліс депутаттары СҚО Аққайың ауданының тұрғындарымен кездесті
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов, Петр Шарапаев және Берік Оспанов Аққайың ауданына барды деп хабарлайды zakon.kz.
Аудандағы «Полтавское» ЖШС қызметкерлермен, Полтавка орта мектебінің ұжымымен және ауыл тұрғындарымен кездесуде депутаттар Елбасы Жолдауын талқылады.
«Полтавское» ЖШС еңбек ұжымымен өткен іс-шара өнім экспортының көлемін ұлғайту және агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін іске асыру мәселелеріне арналды. Аталған кәсіпорын соңғы жылдары өңірдегі бидай егін жинау көрсеткіштері бойынша және ет-сүт өнімдерін өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Ол үшін кәсіпорында заманауи аграрлық технологиялар мен шетелдік тәжірибелер қолданылуда. Өз міндеттерін жүзеге асыру үшін басшылық мемлекет тарапынан қолдау алып, осының нәтижесінде жыл сайын өндіріс көлемі артып келеді. Мәселен, 2018 жылы кәсіпорын 675 миллион теңге сомасына өнім өндірген.
Кездесуде Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығына қатысты қайта өңделген өнімдер экспортын ұлғайту және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін қолданылу мерзімін ұзартудың нәтижелілігі туралы айтты.
Мұғалімдердің беделі және бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру туралы мәжілісмендер Полтавка орта мектебінің ұжымымен кездесуде көтерді.
- Соңғы жылдары білім беру саласында IT-білімді қалыптастыруға, қазақ және ағылшын тілдерін дамытуға ерекше назар аударылуда. Дегенмен, орта білім беру сапасының артуы мұғалімдерге байланысты. Сондықтан, Президент «Мұғалімдердің мәртебесі туралы» Заңды әзірлеуді ұсынды. Педагогтар тікелей оқу процесімен айналысу керек. Осыған сәйкес, келесі жылдың қаңтарынан бастап бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 35 пайызға ұлғайтылмақ, - деді Мәжіліс депутаты Берік Оспанов.
Мәжілісмендер атап өткендей, барлық білім беру жүйесінде өзгерістер болады. Барлық оқу орындары білім процесінде Назарбаев Зияткерлік Мектептері және Nazarbayev University оқыту стандартына сүйеніп, мектептер және балабақшалар бейнебақылаумен жабдықталмақ.