Сыр өңірінде ауылшаруашылығы жақсы дамып келеді
Қызылорда өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұртай Сабильянов, Абзал Ералиев және Наталья Жұмаділдаева агросаланың әлеуетін бағамдады. Шалғай елді мекендерде болып, Жолдау жүктеген міндеттерді кеңінен талқыға салды. Бұл туралы Zakon.kz тілшісі хабарлайды.
Осындай кездесу Сырдария ауданына қарасты "Абзал и К" толық серіктестігінде де жалғасты. Мұнда халық қалаулылары серіктестік жұмысмен танысып, жұмысшыларымен кездесті.
"Абзал и К" серіктестігі күріш индустриясының қазақстандық нарығындағы көшбасшылардың бірі. Биыл орташа өнім гектарына 70 центерді құрайды. Қазіргі таңда серіктестік өндірілген сыр салысының 60% Әзірбайжан, Украина, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан секілді алыс-жақын шет елдерге экспорттап отыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде серіктестік 2017 жылы Президенттің "Алтын сапа" жүлдесімен марапатталды. Мұнан бөлек қазір шаруашылық ауызсу, ас тұзы, көкөніс, бал өндірісін де қолға алған.
"Ауыз су 470 метр тереңдіктен алынады, сапасы еліміздің стандарттарына сай. Ол үшін өнімділігі сағатына 3000 шыны су шығаратын шетелдік қондырғыны орнаттық. Әзірге ішкі нарықта яғни, облыс тұрғындары тұтынып отыр. Болашақта еліміздің барлық қалаларына сатуға шығаратын боламыз", - деді серіктестік директоры Мағжан Ералиев.
"Жалпы Сыр өңірінде ауылшаруашылығы жақсы дамып жатқандығын біз көзбен көрдік. Соның ішінде күріш егумен айналысатын кәсіпкерлер саны көбеюде. Өнімнің сапасы да, көлеміде жақсаруда. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуетін көтеру бағытында нақты тапсырмалар берді. Бұл бағытта ауылдағы өндірістің әлеуетін көтеру үшін, ауылшаруашылығын дамытуға жыл сайын 100 млрд теңге қаражат бөлу қарастырылған. Бұл қаражат өңірлердегі кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары үшін, әрі қарай да өздерінің өнімдерінің сапасын арттыруға,басқада өнімдерді шығаруға үлкен қолдау болады деп ойлаймыз", - деді ұжыммен кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Нұр Отан" партиясы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары Нұртай Сабильянов.