Сенат комитетінде халықаралық құжат қаралды
Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Түймазы-Омбы-Новосибирск-2» және «Омбы-Павлодар» магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды деп хабарлайды zakon.kz, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Келісімге 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында қол қойылған болатын. Құжаттың мақсаты қазақстандық тараптың («ҚазТрансОйл» АҚ) 141728 тонна мөлшеріндегі және ресейлік тараптың («Транснефть – Урал» АҚ – «Транснефть» ЖАҚ-ның еншілес қоғамы) 62048 тонна мөлшеріндегі технологиялық мұнайға меншік иесі құқықтарын растау болып табылады.
Заң жобасы бүгінгі күнде іс жүзінде бар мұнайдың аталған ұйымдарға тиесілігін заңды түрде бекітеді, ал Келісімде көрсетілген кесте мұнайды меншік иелеріне беру үшін қажетті азаматтық-құқықтық және ұйымдық рәсімдерді жеңілдету мен барынша төмендетуге мүмкіндік береді.
Құжат меншік құқығы мұнайға өткен кезде салықтық міндеттемелерден босатуды көздейді. Берілетін мұнайға иелік құқығы Қазақстан Республикасына қатысты корпоративтік табыс салығын (төлем көзінде ұсталатын салықты қоса алғанда) есептегенде кіріс деп танылмайды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейде жанама салықтарды (қосылған құн салығы мен акцизді) есептеу үшін өткізу (өткізу бойынша айналым) болып табылмайды.
Мұнайды беру үдерісі Қазақстанда салық салынатын импорт деп танылмайды және тараптар заңнамасында белгіленген өзге де салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдер алуға жатпайды.