Мәжіліс үш жылдық бюджетті мақұлдады
Отырыста «2019 - 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы қаралды деп жазады zakon.kz.
Ол Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауы негізінде және Бюджет кодексіне сәйкес, еліміздің 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сай әзірленген.
Еліміздің бас қаржы құжаты бойынша депутаттар алдында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Әлихан Смайылов және Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасап, заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Осы орайда, Мәжіліс Төрағасы үш жылдық бюджеттің мақұлданғанын алға тарта келіп, заң жобасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды қаржыландыруға нақты қадам жасалғанына тоқталып, ендігі басты міндет – ол осы бөлінген әрбір тиынды дұрыс пайдалану керектігіне назар аударды.
- Бұл еліміздің тұрақты дамуына ықпал етіп, әрбір отбасының, әрбір шаңырақтың өмір сапасын күшейтуге жаңа серпін беретін болады. Өйткені, бюджетте азаматтардың кірісін көбейтуге, білім, денсаулық саласын жақсартуға, сонымен бірге, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және өңірлік, аймақтық инфрақұрылымдарды дамытуға басқа да маңызды салалар бойынша тиісті қаржы қарастырылған,- деді Палата Спикері.
Н. Нығматулин атап өткендей, Мәжіліс аталған тапсырмаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады.
2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет шығыстарының басымдықтары 2019 – 2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес келеді. Бұл – аграрлық секторды дамыту, индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы цифрландыру, көлік инфрақұрылымын және әлеуметтік саланы дамыту.
Мәселен, бюджет жобасында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша, педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне қосымша ақы төлеуге, ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға, кибер қауіп-қатеріне қарсы іс-қимылға арналған шығыстар көзделген.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, жалақыны көтеру мақсатында еңбекақысы төмен жұмыскерлердің салықтық жүктемесін төмендетуге байланысты шығындарды өтеуге, қосымша білім беру гранттарын бөлуге арналған шығыстарға, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша гранттар құнын ұлғайтуға арналған нысаналы трансферттер көзделіп отыр.
Бұрын республикалық бюджеттен қаржыландырылмаған жоғарыда белгіленген басымдықтарды іске асыру қажеттігін ескере отырып, 2019 жылға арналған бюджет жобасының шығыстары 2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұрын бекітілген мөлшермен салыстырғанда 898,5 млрд. теңгеге ұлғайған.
Мемлекет Басшысының ағымдағы жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыруға 2019 жылы 327,1 млрд.теңге бағытталатын болады.
Сонымен қатар, осы күні «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019 - 2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы мақұлданды.
Онда Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2019 жылы – 2 450 млрд. теңгені, 2020 жылы – 2 300 млрд. теңгені, 2021 жылы – 2 000 млрд. теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ, бүгін екінші оқылымда қаралып, мақұлданған «Кинематография туралы» және оған ілеспе Заң жобалары киноөнерін және киноиндустрияны одан әрі дамыту үшін кинематография саласындағы қатынастарды регламенттейтін тиімді құқықтық негізді құруға арналған.