Қызылордалық оқушы жұқпалы ауруларды алдын алудың жаңа әдісін ұсынды
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Алтынай Әбдіжәміл жұқпалы аурулардан алдын алу мақсатында фитонцидтерге бай жабайы өсімдіктерді көркейту-көғалдандыруға пайдалануды ұсынады. Қызылорда облысы бойынша Zakon.kz тілшісі хабарлайды.
Жас зерттеуші аймақтың климаттық жағдайына төзімді, экономикалық тұрғыдан тиімді және де туберкулез таяқшасына және басқада патогенді микробтарға қарсы тұра алатын өсімдік "антибиотиктерінің" тізімін жасады.
Алтынай ғылыми жоба үшін тақырыпты таңдап алуына туберкулезбен елімізде сырқаттанушылық деңгейінің жоғары болуы себепші болған. Аурудың шығу себептеріне тоқталған ол жұқпалы аурулардың алдын алуға фитонцидтік қасиеттері басым жабайы өсімдіктерді пайдалануға ұсыныс жасады.
"Фитонцидтер - микроорганизмдердің дамуын және көбеюін тоқтатуға, тежеуге септігін тигізетін иммунитетті заттар. Жұмысты жүзеге асырған кезде фитонцидтік қасиеттері салыстырмалы зерттелген өсімдіктер - торанғыл терегі, жыңғыл, жабайы жиде, күміс терегі, қараған, кекіре, ақ сексеуіл, адыраспан болды. Біз микроорганизмдерге және кейбір жәндіктерге олардың әсерін зерттедік", - дейді жас биолог.
Алтынай күнделікті микроскоптың көмегімен өсімдіктердің фитонцидтік қасиеттерінің дизентерия амёбасына, пішен таяқшасына, ақшыл көбелегі,етікші қоңызы, ағаш биті және құмырсқаға әсерін зерттеген.
"Эксперимент нәтижесі көрсеткендей жабайы жиде, жыңғыл, торанғыл терегі, терек, адыраспан сияқты фитонцидтік белсенділігі жоғары өсімдіктерді жұқпалы аурулардың алдын алу үшін табиғи компонент ретінде балабақшалар мен басқа да балалар мекемелерінің ауласында көркейту-көғалдандыруда пайдалану өте тиімді", - деп түсіндірді жоба жетекшісі Дариха Мунарбаева.
Ғылыми жобаның өзектілігін Алматы қаласының ғалымдары жоғары бағалады. Жақында өткен республикалық ғылыми жобалар сайысында жас биологтың бұл идеясы жүлделі екінші орынға лайықты деп танылды.