Жамбыл облысында "Нұр Отан" партиясының ХХІІІ есеп беру - сайлау конференциясы өтті
Бүгін "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов партия филиалының ХХIII есеп беру – сайлау конференциясына қатысты. Бұл туралы Zakon.kz Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Алқалы жиында "Нұр Отан" партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің 2016 жылдың қарашасы мен 2018 жылдың қарашасы аралығында атқарған жұмысы мен бақылау-тексеру комиссиясының есептері және ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов баяндама жасады. Оның айтуынша қазіргі таңда облыс бойынша 337 бастауыш партия ұйымы және онда 69039 партия мүшесі бар. Биылғы шілде айынан бері партияның 20 бастамашыл жобасы қолға алынған. Олардың қатарында бастауыш ұйымдардың жұмысы мен есептілігін цифрландыруға көшіруге бағытталған "Партияның автоматтандырылған дерекқоры", "Е-Жарналар", "Е-Талдау" сынды жаңа форматтағы жобалары, "Е-құжат айналымы", "Балаларға арналған тегін ІТ сыныптар" және тағы басқа жобалар бар. Айта кетерлігі бүгінгі күнге Тараз қаласы мен аудандарда 12 тегін IT сыныптар ашылған. Оларда 1300 оқушы білім алуда. Баяндамашы "Ардагерлерді ардақтайық", "Кедергісіз келешек", "Сәтті қадам" сынды әлеуметтік жобалардың жемістілігін де тілге тиек етті.
Конференцияда жарыссөзге шыққандар баяндамашының есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сонымен қатар, Астанадан арнайы келген "Нұр Отан" партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партия тарапынан атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталды.
Конференция жұмысын қорытындылаған Асқар Исабекұлы өңірдегі өркенді өзгерістерге, Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау барысындағы оң бастамалар мен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудегі жанды жұмыстарды кеңінен тарқатып, партия филиалының алдағы жоспары мен мақсатының ауқымды екендігін жеткізді. Өңір басшысы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда алдыңғы шепте партия мүшелері тұруы керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Басқосу соңында партия огблыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамы, Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамы сайланды.