Қызылордалықтар Елбасының мақаласын зор ықыласпен қабылдады
Елбасының мақаласымен танысып шыққан сырбойылық ғалымдар мен интелегенция өкілдері, қоғам қайраткерлері және жастар өздерінің ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісуде. Солардың бірі "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес.
"Ұлы даланы мекендеген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері әлемдік өркениет көшіне қандай өзгеріс әкелді, қандай үлес қосты" деген сауалдар туындайтын болса, оның жауабын Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласынан анық табуға болады. Біз бүгінде ғарышты игеріп, атом бомбасын шығаруды үлкен жаңалық ретінде қарап жатсақ, өткен ғасырларда бабаларымыздың жылқыны қолға үйретіп, бес қаруын сайлап, айналасындағы өзге де тайпаларға үстемдік құруы әлемдік өркениеттегі өзгеріс, үлкен жаңалық болатын. Бір сөзбен айтқанда, ғарышты игерумен тең құбылыс еді. Мұны жасаған ұлы даладағы ұлы тұлғалар. Бүгінгі Елбасы мақаласын өткенімізді қайта тірілтіп, төл тарихымызды өзімізге қайта таныстырудың бір қадамы ретінде қарастыруға болады. Мақала өткен жылы жарияланған "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасының заңды жалғасы іспеттес. Аталған екі мақалада да тарихымызға қатысты деректердің барлығы жан-жақты зерттеліп, зерделенген.
- "Енді өткенмен ғана мақтанып отырамыз ба, өткенді тірілту үшін не істеуіміз қажет" дейтін болсақ, Елбасы оны да нақты қадамдар арқылы белгілеп берді. Оның бір тарауы ретінде ұлы даладағы тарихи оқиғалар, батыр бабаларымыз, тарихи тұлғалар жайында көркем фильм, телесериалдар, тіпті қажет болса фэнтези жанрындағы фильмдер түсіруді де тапсырып отыр. Бұл төл тарихымызды болашақ ұрпақтың санасына сіңірудің төте жолы және әлемдік өркениетке өзімізді танытудың бірден-бір көрінісі іспеттес. Қазір байқасақ, әлем халқы түріктің "Жаужүрек Ертұғырыл" атты сериалын көріп жатыр. Фильм Осман империясының негізін қалаушы Осман патшаның әкесі Ертұғырыл туралы. Ал ол – Сырдың бойынан көшкен оғыздардың ұрпағы. Демек, әлем елдері тарихи фильм арқылы түріктің түпкі тарихын танып жатыр деген сөз. Біздің де даламызда осындай текті, тарихи тұлғалар болған. Алтайдан Атырауға дейінгі атырапты батыр бабаларамыз білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап ерліктер жасағаны баршамызға мәлім. Сондықтан тарихи тұлғаларды қайта тірілту, қайта ортамызға алып келу ісінде кино индустриясы үлкен көмек болады деген ойдамыз. Сондай-ақ, Елбасы "Ұлы дала тұлғалары" атты көпшілік-ғылыми танымдық сериялық кітаптар шығаруды да тапсырып отыр, - дейді Ержан Байтілес.
Тарихымыздағы ұлы тұлғаларды таныту арқылы өскелең ұрпақтың бойына ерлік дастанын сіңіре отырып, болашаққа нық қадам басатынымызға сенім білдірді сырбойылықтар.
- Алдағы уақытта мақаладағы тапсырмалар негізінде арнайы бағдарлама қабылданады. Мұнда айтылған әрбір тапсырма қатаң қадағаланып, орындалуы керек. Бұл атқарушы билік не белгілі бір адамдар үшін қажетті дүние емес, тұтас қазақ елінің болашағы үшін маңызды қадам болмақ, - деп қорытты Ержан Байтілес.