Жаңалықтар тізбегі
0

Жас ғалымдар ауылдық мектептердің әлеуетін арттыратын жобаны қолға алды

www.zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.12.2018 20:28 www.zakon.kz
Биылғы жылдың сәуір айында Қазақстанның жас педагог-ғалымдарының бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылған болатын.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқу орнының жас педагог-ғалымдарының бастамасымен «t2t Networking» атты жоба бастау алды. Бұл туралы zakon.kz, университеттің ресми өкілі Жандар Асанға сілтеме беріп хабарлайды.

Оның ақпаратына сүйенер болсақ, университет базасында құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығының ұйытқы болуымен қолға алынған жоба орта білім беру саласында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық жерде орналасқан мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады.

– Жастар жылы мен Қыздар университетінің 75 жылдығы аясында қолға алынған жобаның көздеген мақсаты мол. Бұл бастама – оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Сонымен қатар педагогтардың кәсіби әлеуетін жетілдіреді және білім беруде жаңа технологияларды қолдануды дамытады. Біздің оқу орны студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды, – дейді жоба авторлары.

«t2t Networking» жобасы аясында Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының мүшелері Алматы облысындағы мектеп мұғалімдері мен оқушыларына жаңартылған білім беру бағдарламасына арналған кешенді семинар-тренинг ұйымдастырды. Университет пен мектептің өзара ынтымақтастығын арттыру мақсатындағы шара Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы орта мектептен басталды. Аталған елдімекендегі білім ұясының директоры А. Болымбекова осындай игілікті іске ұйытқы болып отырған университет басшылығына және жас ғалымдарға ізгі ниетін жеткізді. Сондай-ақ жиынға аталған аймақтағы өзге де орта білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Осы орайда айта кетейік, Қарасай ауданындағы 21 мектеп директоры Қыздар университетінің түлегі және «Түлектер бәйтерегі» қауымдастығының эндаумент қорының құрметті мүшесі.

Жиын барысында химия ғылымдарының PhD докторы Мөлдір Абдраймова мектеп басшылары мен оқушыларға және ата-аналарға жоғары оқу орны туралы кеңінен мәлімет беріп, Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының жұмыс барысымен таныстырды. Ал, филология ғылымдарының PhD докторы, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Наргиза Балтабаева «Жаңаша оқыту – заман талабы», «ҰБТ-ның жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет» тақырыбында шеберлік сыныбын жүргізді. Сонымен қатар шара аясында университет психологы Мәдина Құрбанбай «Шиеленісті басқару», аға оқытушы Жұлдыз Базаева «Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйрету әдістері» және PhD докторы Шахислам Лайысханов «Ғарыштық түсірілімдерді пайдалану арқылы экологиялық мәселелерді анықтау» тақырыбында тренинг өткізді.

Жиын соңында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Қарасай ауданындағы мектептер өзара ынтымақтастықты арттыру турасындағы меморандумға қол қойды. Құжатта университет түлектерін жұмысқа орналастыру және оларды мектеп бағдарламасына бейімдеу, бірлескен білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік кешендер мен оқулықтар әзірлеу, мектеп оқушылары мен студенттердің бірлескен ғылыми зерттеулері мен жобаларын жүзеге асыру, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көмектесу сынды мәселелер қарастырылған.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта бұл шара еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ.

Айта кетейік, биылғы жылдың сәуір айында Қазақстанның жас педагог-ғалымдарының бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылған болатын. Құрылтайшысы Қыздар университеті болып табылатын ұйымды құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу да қарастырылған. Қауымдастыққа 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми-зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар мүше бола алады.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: