Денис Теннің өлімі бойынша басты сот талқылауы басталды
Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша басты сот талқылауы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс конвоирлердің кешігуіне байланысты жарты сағатқа кеш басталды. Бүгінгі отырыста прокурор Қуандық Досов сотталушыларға қатысты айыптау актісін оқыды.
Мұның алдындағы отырыста қос тарап алдын ала тыңдалым барысында өз талап арыздарын айтқан болатын.
Оксана Теннің құқығын қорғаушы Нұрлан Өстеміров Денисті біреулер тапсырыспен өлтіруі мүмкін деген оймен істі қайта тергеуге жіберуді сұраған болатын.
Судья сот залынан тыс кеңесу бөлмесінде кеңесуден соң істі прокуратураға қайта тергеуге жіберудің қажеттілігі жоқ деп шешті. Сонымен қатар, жәбірленуші тарап Денистің ұрылармен жаға жыртысып жатқанын екі полицей көргенін айтты. Сотталушы Жанар Толыбаева өзінің жүктіліктің 6,5 айлығында екенін мəлімдеген болатын. Келесі сот отырысы қаңтарға таңертеңгі 10-ға белгіленді.
Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын. Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық ісқозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.
Ал, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын. 25-желтоқсанда Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотта белгілі спортшының өлімі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өткен болатын.