Сабильянов: Қарағандыдағы қылмыстық іске қатысы бар адамдар жазасын алады деп сенеміз
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа сауал жолдап, Қарағандыдағы оқиғаға қатысты БАҚ-тағы материалдардың объективті, тексерілген және нақты болуын қамтамасыз етуін сұрады деп жазады baq.kz.
«Менің депутаттық сауалым 1 қаңтар күні Қарағанды қаласында адам қазасымен аяқталған оқиғаға байланысты болып отыр. Алдымен өзімнің және депутат әріптестерімнің атынан марқұм Жансейіт Рақымжанның барлық жақындарына туған-туысқандарының ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғап, жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп, кінәлілерді анықтау үшін тиісті шаралар қолдануда. Осы қылмыстық іске қатысы бар адамдар әділ жазасын алады деп сенеміз. Заң алдында жұрттың бәрі тең. Дегенмен, бұл оқиғаға байланысты кейбір ақпарат құралдарында түрлі мәліметтер айтылуда. Біздің басты мақсатымыз – саяси тұрақтылық пен қоғамдық татулықты сақтай отырып, экономикалық дамуды жалғастырып, біртұтас мемлекетіміз Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін тұғырлы, баянды ету. Осыған орай, сізден бұқаралық ақпарат құралдарындағы аталған оқиғаға қатысты материалдардың объективті, тексерілген және нақты болуын қамтамасыз етуіңізді сұраймыз», - деді Мәжіліс депутаттарының атынан сөз алған Нұртай Сабильянов.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде полицейлерді Жаңа жылмен құттықтаған видеосы тараған. Ол халықтың ашуын тудырған.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, видеоны Қарағанды қаласындағы академияның бірінші курс жетекшісінің орынбасары түсірген.
«Құрметті бауырлар, сіздерді келе жатқан 2019 жылмен құттықтаймын. Бауырларыма жұмыста өркендеп өсулерін тілеймін. Тамыр—таныстығымыздың көмегі ұрпағымызға да тисін. Достығымыз риясыз болсын. Біз – бауырлармыз, турасын айтқанда – бандамыз! Қазақстанымыз өркендей берсін, отбасымыз аман болсын», - деді видеодағы азамат.
Кейін ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев Қарағанды әскери академиясының қызметкерлері жұмыстан босатылғанын хабарлаған.
Осыған дейін 2018 жылдың 31 желтоқсанынан 2019 жылдың 1 қаңтарға қараған түні шамамен таңғы 04:30-да Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасының аумағында төбелес болғанын жазғанбыз. Салдарынан 23 жастағы жігіт қаза тапқан.
Астанада өткен брифингте Қарағандыда болған төбелес ұлтаралық қақтығыс негізінде туындамағанын, төбелестің неден болғанын, оған қанша азаматтың қатысқанын, күдіктінің бірі Ресейге қашып кеткенін хабарлағанбыз.
Сондай-ақ «Древний Рим» мейрамханасында болған қанды оқиғаның толық хронологиясын да жариялағанбыз.