Қызылордада тұрмысы төмен отбасыларға пәтер уәде еткен алаяқ сотталды
Қызылордада пәтер алып беруді уәде етіп, бес адамның ақшасын қалтасына басқан алаяққа сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
40 жастағы алаяқтың үстінен бес адам шағым түсірген. Ол сенімге кіру арқылы жәбірленушілердің жалпы сомасы 10 млн 500 мың теңгесін қолды еткен. Барлығы дерлік тұрмысы төмен отбасылар болып табылады.
Сотталушы ақшаны алғаннан кейін бос тасалап отырған және мұндай әрекетімен 2016 жылдан бері айналысып келген. Қылмыстық іс Қызылорда қалалық №2 сотында қаралып, үкім шығарылды.
«Бес адамнан ақшаны алдап алған алаяққа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлығы дәлелденіп, ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Күмісбай Қосекеев.
Сондай-ақ зардап шеккендердің барлығына шығынды өтеп беруге үкім етілді. Дегенмен, алаяқтың халықтан жымқырған ақшасы бұдан да көп болуы мүмкін. Әзірге 5 адамнан ғана арыз түскен.
Құқыққорғаушылар жаңа деректердің ашылуы мүмкіндігін айтып, оның сыбайластарын іздестіруде.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылордада алаяқ әйел төрт тұрғынның 1, 5 млн теңгесін үптеп кеткенін хабарлаған едік.