Қорғаныс министрлігінің комиссиясы Алматы гарнизоны әскери инфрақұрылымының жай-күйін тексерді
Әскери ведомство басшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев бастаған жұмыс тобы Алматы гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің бірқатар нысандарын аралады. Бұл туралы zakon.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хбаралайды.
Жұмыс сапары барысында комиссия Құрлық әскерлері Әскери институтының оқу-материалдық базасы мен оқу полигонын, институт қоймасында қару мен оқ-дәрілердің сақталуының ұйымдастырылуын тексерді, сондай-ақ курсанттардың оқу процесімен танысты. Қару-жарақ пен әскери техниканың жөнделуі, полигондық жабдық пен байланыс құралдарының қызмет көрсетілуі бойынша жұмыстардың барысы тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша Бас штабының қолбасшылығы бөлімшелердің қолбасшылығына әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және жауынгерлік даярлықты одан әрі жетілдіру бойынша тапсырмалар қойды.