Шымкент тұрғыны 15 жасында алып қашып кеткен әйелін үш бала туған соң тастап кеткен
Шымкентте 15 жасында тұрмысқа шыққан келіншек өзі түгілі бала-шағасының құжаттарын да рәсімдей алмай жүр. Соның салдарынан ол баспана кезегіне тұру былай тұрсын, мемлекеттің қолдауынан қағылып отырмын дейді.
9 жастағы ұлының туу туралы куәлігі болмай, баласы бір жыл сабақтан қалып қойған екен. Осы күні үш баланың анасы перзенттерін тәулігіне тапқан небәрі екі мың теңгемен ғана асырап отырғанын айтады. Бұл туралы stan.kz, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Замира Қантөреева өзінің туған анасын таба алмай жүр. 27 жыл бұрын өмірге келгенде оны шешесі өз атына жаздырып, әкесінің қолына тастап кетіпті. Содан бері ол ананың аялы алақанын сезген емеспін дейді. Ал, әкесі ізінше басқа әйелмен отау құрып, қыздың тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыты болмапты. 8-сыныпты бітірген жылы Замираны әлдекімдер алып қашып, танымайтын шаңыраққа келін болып түскен. Сол жылы үлкен қызын, тағы бір жылдан кейін екінші қызын босанады. Ал, үшіншісіне келгенде дәрігерлер нәрестенің туу туралы куәлігін бермей қойыпты.
“Үлкен қызым мен кішкентай қызымды босанған кезде туу туралы куәлік берді бұларға. Өйткені, мен сол кезде 18 жас кәмелетке толмаған едім. Сондықтан, екі қызыма берді құжатты. Ал, баламды босанған кезде мен 18 жастан асып кеткен едім. 19 жасымда босандым. Бұған бермеді” – дейді үш баланың анасы Замира Қантөреева.
Алайда, дүниеге үшінші баланы алып келген ананы жолдасы жарты жолда тастап кетіпті. Бүгінде ол қалада пәтер жалдап тұрады. Ұл-қызын асыру үшін тәулігіне 2000 теңге төлейтін кафеде еден жуушы болып жұмыс істейді. Оның өзі жыртыққа жамау бола алмайды, дейді. Тапқан табысы коммуналдық шығындар мен пәтер ақысынан артылмайтын көрінеді. Сондықтан, өзінің жеке куәлігі мен баласының туу туралы құжатын қолына ала алмай жүр екен.
“Біреуі 70 мың теңге сұрайды, біреуі 80 мың дейді, енді біреуі 100 мың болады дейді. Бірақ, мен ол ақшаны тауып бере алмаймын. Өйткені, күніне мен 2000 теңгеге жұмыс істеймін. Демалмай жұмыс істейтін болса, пәтер ақысы мен коммуналдық шығындарды тауып келемін. Ал, демалатын болсам, ондай қаражат таба алмаймын” – дейді үш баланың анасы Замира Қантөреева.
Ал, Замираның әкесі бүгінде Шымкенттің іргесіндегі Қасым датқа ауылында тұрады. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ол осыдан он үш жыл бұрын екінші әйелімен де ажырасып кетіпті. Алғашқы жұбайын көрмегелі көп болғанын айтады. Қызы Замираны өз атына шығарып алуға барынша әрекеттенгенімен, онысынан ештеме өндіре алмапты. Өйткені, бұрынғы келіншегін көрдім не білдім деген адам жоқ. Сөйтіп, қолға алған ісі жарты жолда қалып қойыпты.
“Жанға батқанда не істеймін енді. Қолымнан басқа ештеме келмеген соң, әр жерге бардым. Ештеме болмады. Отказ берді деген қағаз алып кел дейді. Содан амалсыз қайтамын” – дейді Замира Қантөрееваның әкесі Қайрат Үсіпбеков.
Есімі елге таныс Анна Рыль құжатсыз жүрген келіншекке құқықтық көмек көрсетуге дайын. Тек, үш баласы мен анасының Астанаға келгенін қалап отыр.
«Егер ол мұнда туу туралы куәлігі мен жеке басын тану хаттамасын мұнда ол кісіге көмектесуге болады. 13 формаға тапсырыс беріп, құжаттарын реттеуге болады және балаларына да көмектесуге болады. Бұл шаруаны 3 айдың ішінде тындыруға мүмкіндік бар» – дейді “Қорғау” орталығының директоры Анна Рыль.
Осы күні жалғызбасты ананың кенжесі қаладағы мектептің бірінде бірінші сыныпта оқиды. Анасының сөзінше, оқушының құжаты бір айдың ішінде дайын болмаса, мектептен шығарылуы мүмкін.