Қордайда қарақшылық жасағандар сотталды
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты елді шулатқан «қордайлық қарақшылар» ісі бойынша сот талқылауын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2018 жылдың желтоқсанында «қордайлық қарақшылардың» соты басталған болатын.
Еске сала кетейік, шілде айының соңында Қордай ауданының Қордай ауылында бірқатар қарақшылық шабуылдар жасалған еді. Дәлірек айтқанда, бетперде киген белгісіз адамдар жергілікті тұрғындардың үйіне баса-көктеп кірген. Артынан иелерін соққыға жығып, ақша мен құнды заттарды талап еткен. 68 жастағы зейнеткер Владимир Бойко алған жарақаттардың салдарынан ауруханада көз жұмып, оның зайыбы Лилия Бойко ауыр жарақат алған. Облыстық криминалдық полиция мен Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері үлкен жұмыс атқарып, барлық күдіктілерді ұстаған.
Сот процесін Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Азамат Тілепов жүргізді. Сотталушылар (40 жастағы Ш. Омаров, 34 жастағы Д. Куцевой және 27 жастағы М. Сәбитов) «Күш қолдана отырып тонау, қарақшылық жасау» бабымен айыпталды. Бұдан тыс, Ш. Омаров кәмелетке толмаған қызды көрінеу зорлады деген айып та тағылған.
Үш күдіктінің екеуі Қордай ауданының тумасы, алайда олар Алматыда тұратын болып шықты. Анықталуынша, олардың барлығы бұрын да қарақшылық, ақша бопсалау, ұрлық, адам өлтіру және зорлау баптарымен сотталған.
Тергеу барысында олар айыптарын толық мойындады. Оларға тағылған: ауыр салдарға әкеп соқтырған қарақшылық, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған, адам өлтіру қаупімен ұштасқан сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша айыптаулар дәлелденді. Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Азамат Тілепов Ш. Омаровты 19 жыл, Куцевойды 17 жыл, М. Сәбитовті 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Алғашқы екеуі қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемеде, ал үшіншісі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде жазасын өтейді.