Еліміз тұңғыш рет Халықаралық Білім күнін атап өтті
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде тұңғыш рет Халықаралық Білім күніне арналған жиын өтті. Бұл туралы zakon.kz, университет Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асанға сілтеме жасап хабарлайды.
ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Кластерлік бюросы өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің қатысуымен өткен басқосуда Қазақстанның 2030 жылға дейін тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін 17 басым бағыттағы білім берудің маңызы анықталып, оны кеңінен насихаттау тұрғысында бірқатар маңызды міндеттер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар кеңес қатысушылары саладағы түйіткілді мәселелерді шешу жолдарын да қарастырды.
Жиынды Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Лаззат Булебаева ашып, шараның маңызы турасында ой өрбітті.
– Өзіндік дара дәстүрі бар – Қыздар университеті отандық жоғары оқу орындарының арасында тек қыздардан педагог мамандарын даярлайтын әлемдегі бірегей білім ордасы. Атаулы күннің білім мен ғылым қарашаңырағында аталып өтілуі университет қызметімен тікелей байланысты және символдық мәні бар деп ойлаймын. Еліміз білім беру саласындағы гендерлік теңдік критерииі бойынша әлемдік рейтингте жоғары көрсеткішке ие. Баршаңызға белгілі, Қазақстанда білім алушылар арасында гендерлік шектеу немесе теңсіздік жоқ. Отандық жоғары оқу орындарындағы студенттер, магистранттар мен докторанттардың арасында қыздардың үлес салмағы басым. «Болашақ» стипендиясының иегерлерінің тізімінде де нәзікжандылардың саны көп, – деді Л. Булебаева.
Сондай-ақ ол осы тарапта атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға да тоқталып өтті.
– Ұлттың болашағы, ұрпақтың келешегі – қыздарға тікелей байланысты. Университет өз қызметінде Мемлекет болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуын, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруын басты назарда ұстайды. Осы орайда студенттердің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында үйірмелер, робототехника кабинеті жұмыс істейді, сондай-ақ білімгерлер стартап конкурстар мен ғылыми конференцияларға және олимпиадаларға тұрақты түрде қатысады. STEM тәсілі бойынша ағылшын тілінде сабақ беру де жүргізілуде. Бұл бастама – оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Біздің оқу орны студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды, – деп атап өтті Лаззат Булебаева.
Қыздар университетінің бастамасымен елімізде алғаш рет аталып өтіліп отырған атаулы дата Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының бекітуімен өткен жылдың желтоқсан айында қабылданған болатын. Оқу орны мен ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Кластерлік бюросының өзара ынтымақтастығы нәтижесінде алматылық жас ғалымдардың бастамасымен Жастар жылы қарсаңында қолға алынған бірқатар жобалар мен бастамалар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар ЮНЕСКО өкілдері тақырыпқа орай презентация жасап, білім берудің маңызына кеңінен тоқталды.
Шарада Қыздар университетінің жас педагог-ғалымдарының бастамасымен «t2t Networking» атты жобаның мәні көпшілік назарына ұсынылды. Университет базасында құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығының ұйытқы болуымен қолға алынған жоба орта білім беру саласында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық жерде орналасқан мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады. Бұл бастама – оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Университет студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды.
Сондай-ақ Алматы қаласында бірқатар мектеп мұғалімдері мен оқушылары аталған жоба туралы өзіндік пікірлерін айтып, оқушылардың ғылымға деген ерекше қызығушылығын тудыратынын тілге тиек етті.
Айта кетейік, Халықаралық Білім күніне арналған жиынды М. Әуезов атындағы ОҚМУ, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары онлайн режимінде тамашалады.