"Жексұрын болдым": Танымал әнші құмар ойынға салынып, 200 000$-дан айырылғанын мойындады
Танымал қазақстандық әнші, "Жігіттер" тобының солисі Бағлан Әбдірайымов бірнеше жыл бұрын құмар ойындарға тәуелді болып, 200 мың долларға дейін қарызға кіргенін айтты. Осы орайда, ол алғаш рет қазақстандық ер-азаматтарға сабақ болсын деген ниетпен басынан өткен оқиғасын баяндап берді, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Бағлан Әбдірайымов құмар ойындарға тәуелділіктің қызығушылық пен ұтыстан басталатынын айтады. Бастапқыда көп ұтысқа ие болғаны соншалық, кей казино оны ғимаратына кіргізуден бас тартқан. Әнші құмар ойындарға деген қызығушылығының Шымкент қаласында оқып жүргеннен басталғанын жасырмады. Күнделікті дүкенде тұрған автоматқа ақша салып ойнайтын болған екен.
"Мен казинодағылар үшін ыңғайыссыз ойыншы болдым. Өйткені, 500, 1 000 доллармен келіп ойнап, ұтылмай қайту деген қағидам бар еді. Бір кездері лотореядан жаңа Tayota Carolla көлігін де ұттым. Әдетте казиноға "Бүгін 500, 1 000 доллар ұтсам жетеді" деп барасың да ойламаған жерден 5-7 мың доллар ұтып кетесің. Тіпті, 25 мың доллар ұтатын кездер де болады. Анау-мынауды есептемегенде ойынға деп 80 мың доллар ұстап жүрдім", — дейді Бағлан Әбдірайымов Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасында.
Әнші осылай ұтысқа ие болып қана қоймай, казинода жарты немесе бір сағат қана ойнайды. Ал казино үшін бұл тиімсіз болған. Алайда көп ұзамай бұл уақыттың ұзара түскенін айтады.
"Алғаш рет бір үстелде 24 сағат ойнап, 30 мың доллар ұтылдым. Осы 30 мың долларды төрт рет ұтылып, төрт рет қайта ұтып алып, соңында өзім шаршап қалдым шамам келмей. Ақыры ұтылып қайттым. Кейін 15 мың долларға ойнап, үстіне 10 мың доллар қосып ұттым. Бірақ кешегі жеңілісіме 5 мың доллар жетпей тұрған соң тағы да ойнағым келді. Содан әр барған сайын казиноға ақша қалдырып кетіп отырдым", — деді әнші.
"Жігіттер" тобының солисі аз ғана уақыт ішінде 200 мың доллар қарыз болып қалғанын айтады. Тіпті, бизнеске деп жинаған ортақ ақшаның да бір бөлігін құмар ойындарда ұтылып, серіктестерінің сенімінен айырылған. Өзі көп адамға өтірік айтқанын да жасырмайды. Десе де, жақын достары мен жұбайы қолдау көрсетіп, тығырықтан шығуға көмектескен-ді. Соңғы рет казиноға үш ай бұрын барған екен. "Қарызданып әбден жексұрын болдым" дейді әнші.