Сенат депутаты: Браконьерлер тізгіндеген көліктер мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет
Сенат бүгінгі отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев браконьерлердің соңғы үлгідегі құралдары мен көліктерін тәркілеп, мемлекет пайдасына алуды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Үстіміздегі жылғы қаңтар айында Қарағанды облысының Нұра ауданында "Охотзоопром» БП" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевтың қызмет бабында браконьерлердің қолынан қаза тауып, инспектор Петр Ницыктың ауыр жарақат алуы жұртшылықтың наразылығын және ашу-ызасын туғызды. Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының арасында да үлкен талқыға түсті", - делінген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың атына жолданған депутаттық сауалда.
Депутаттың айтуынша, Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері қанды оқиғаның орын алу себебін жан-жақты талдай отырып, мынадай қорытындыға келген:
Бірінші, елімізде жануарлар дүниесін қорғау саласында қордаланған түйінді мәселелерді шешу жолында батыл қадамдар жасау. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінен осы орайдағы уәкілеттіктерін толыққанды атқаруын талап ету.
Екінші, мемлекет аумағында сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар аң-құс түрлерін сақтау және олардың санын көбейту үшін қолданыстағы тиісті заңнамалық актілерге түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
"Бүгінгі таңда жануарлар дүниесін қорғайтын аумақтық органдар мен резерваттардың материалдық-техникалық жағдайы ешқандай сын көтермейді. Олардың жауапкершілігіне бекітілген техникалардың 60 пайызға жуығының әбден тозығы жеткен. Қолдағы бар санаулы тікұшақ орман шаруашылығына ғана пайдаланылады, ал жануарлар дүниесін қорғау олардың қызметіне жатқызылмаған. Оның үстіне елдің шетінде, желдің өтінде тәуекелге бел буып жүрген инспектордың орташа айлық еңбекақысы шамамен 60-70 мың теңге. Осының салдарынан қару мен байланыс құралдарының жаңа үлгілерімен жарақтанған браконьерлер алдында өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғайтын сақшыларымыз материалдық және техникалық жағынан дәрменсіз", - дейді Сенат депутаты.
Халық қалаулысының мәліметіне сүйенсек, браконьерлердің заң құрығынан оңай құтылып кету деректері жиі кездесуде. Мәселен, соңғы үш-төрт жыл ішінде 3 мыңға жуық киік атылса, табиғи ортаға 3,5 миллиард теңге зиян келтірілді. 800-ден астам күдікті адам инспекторлардың қолына түскен болса, олардың 17-сі ғана сот шешімімен бас бостандығынан айырылып, 158-інің бас бостандығы шектелді. Браконьерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істің жартысынан астамы дәйекті айғақтар жоқ деген желеумен сот отырыстарына жетпей, қысқартылып отырған. Мұндай жағдайды, әділетсіздікті көріп отырған инспекторлардың жаңа, жас буыны бұл қызметке келе ме?
"Браконьерлік қылмыс далалық жолда жүруге қолайлы әрі жүрдек көліктердің көмегімен жүзеге асырылады. Заң талаптары бойынша ол көліктер қылмыс құралы болып есептелетіндіктен мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет. Алайда, қоршаған ортаға, табиғат игілігіне есепсіз шығын келтірген браконьердің басым көпшілігі жеңіл жаза алумен шектеліп, көлік құралдары кейін қайтарылып беріледі. Егер оларды көліктерге иелік құқығынан айырып, қылмысқа қатысты көліктер мен басқа да құралдар ешқандай ымырасыз тәркіленсе браконьерлерлік қылмысқа бірден-бір тосқауыл қойылар еді", - деп түйіндеді Мұхтар Жұмағазиев.