Ұлттық банк "Цеснабанктің" сатылымы жайлы айтып берді
Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков "Цеснабанк" АҚ-тың қаржылық тұрақтылығына байланысты БАҚ-тың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі іске асырған шаралар кешені және "Цеснабанк" АҚ-қа жаңа инвестор тарту "Цеснабанк" АҚ-ты қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта банкте Қазақстан Ұлттық Банкінің ең төменгі талаптарынан асатын капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштері бар",- деді ол.
Төраға орынбасарының айтуынша, "Цеснабанк" АҚ өтімділігі жоғары активтердің елеулі қорына ие, бұл банкке клиенттер мен кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, банк міндеттемелерінің көпшілігі банкті қорландырудың тұрақты базасымен қамтамасыз ете отырып, ұзақ мерзімді сипатқа ие. Бұны банк облигацияларының депозиттерге арақатынасы көрсетіп отыр, ол жүйе бойынша 20%-дан аспайтын орташа көрсеткіштен бірнеше есе артық.
"Сонымен қатар, "Цеснабанк" АҚ кредит портфелінің құнсыздануынан болған барлық ықтимал шығындарды өтеу үшін жеткілікті сомаға қосымша провизия қалыптастырды. Сондай-ақ "Цеснабанк" АҚ бұрын Қазақстан Ұлттық Банкі ұсынған тұрақтандыру қарызын толық көлемде өтеді",- деп түйіндеді Смоляков
Осылайша, "Цеснабанк" АҚ толық қалыпқа келтіріліп, әдеттегі режимдегі қызметін жүзеге асыруды және клиенттері мен салымшылары алдындағы міндеттемелерін орындауды жалғастырады.