Сенаторлар қорғаныс өнеркәсібіне қатысты заң жобасына өзгертулер енгізіп Мәжіліске қайтарды
Сенаторлар пленарлық отырыста "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" заң жобасы жан-жақты қарап, өз түзетулерін енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Заң жобасының мақсаты мемлекеттік қорғаныс тапсырысын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету және қалыптастыру,орналастыру мен орындау процесінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін дамыту болып табылады.
Заң жобасы қорғаныс өнеркәсібінің, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника айналымының жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған.
Заң жобасында осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын алушылардың, орындаушылар мен әскери өкілдердің функциялары айқындалған. Тұтастай алғанда мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау тәртібі реттелген, оның құрамы мен мазмұны айқындалған.
Сондай-ақ Үкіметтің, уәкілетті органның, орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы уәкілетті ұйымның және қорғаныс өнеркәсібі кешені ұйымдарының құзыреттері белгіленген.
Заң жобасы ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырудың ерекшеліктерін бекітетін ережелерді, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын басым тәртіппен орындауға міндеттілігі туралы ережені қамтиды. Одан басқа қорғаныс тапсырысы саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, қару-жарақ, әскери техника және пайдаланылмайтын мүлік айналымының ерекшеліктері, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық салалары мен нысандары заңнамалық деңгейде белгіленген.
Заң жобасын талқылау барысында өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Жобаның кейбір ережелері Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерінің: "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы", Бюджет кодексі, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы", "Құқықтық актілер туралы" және басқа заңдардыңережелеріне сәйкес келтіріледі. Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.
Сондай ақ Заңнамаға қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулерекі оқылымда қаралды.
Заң жобасымен 4 кодекске және 20 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Олардың ішінде негізгілері: облыстық бюджеттің, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің аумақтық әскерлердің тиісті аумақтық органдарын қамтамасыз етуге және күтіп-ұстауға арналған шығыстарын реттейтін ережелерді нақтылауға; мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жүзеге асыруға арналған шарттар негізінде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қосылған құн салығынан босатуға; Үкіметтің, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы уәкілетті органдардың және басқа да мемлекеттік органдардың құзыреттерін нақтылауға; әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қолдану үшін броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын шығару, сондай-ақ оларды тасымалдау тәртібін айқындауға бағытталады.
Одан басқа, заң жобасымен ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін реттейтін ережелер, оның ішінде "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға немесе дамытуға бағытталған бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді. Атап айтқанда, заң жобасында көзделген түзетулерге сәйкес келтіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды болдырмау мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" заңға толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы", "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" заңдарының ережелерімен қайшылықтарды болдырмау мақсатында тиісті өзгерістер ұсынылды.