"Позитивный контент деген не?" – журналистер Дәурен Абаевқа тосын сұрақ қойды
Журналистер деген кімдер, және "позитивті контент" деген не? Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев сұрақ-жауап кезінде осы тақырыпқа қатысты өзінің ойын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның пікірінше, бүгінде журналистің кәсібі ақпаратты бірінші болып жеткізу емес, өйткені интернет пен әлеуметтік желілер дамыған қазіргі заманда Қазақстанның кез-келген азаматы жаңалықты бірінші болып хабарлай алады.
"Бүгінде журналистиканың басты функциясы қоғам мүдделерін қорғау, кейбір жағымсыз құбылыстарды әшкерелеу мен олармен күресу. Сіздер елдегі жағдайды бейтарап көзқараспен жеткізулеріңіз керек", – деп атап өтті ол.
Ал "позитивті контент" құрауда министр ешқандай қылмыс жоқ дейді, әсіресе қазіргі жағдайда ол тіпті керек екен.
"Өкінішке қарай, тәжірибе көрсетіп отырғандай, өздеріңіз де білесіздер, негативті контент адамдарға ауыр тиеді. Біреудің басындағы қайғылы жағдайды өзінің, немесе жақын-туыстарының басына келетіндей әсерде қалады", – деді Абаев.
Оның сөзінше, "позитивті контент" жасау деген – жаңалықты ойдан шығару емес. Керісінше, елдегі болып жатқан оң оқиғаларды дұрыс жеткізу.
Осы сәтте бір журналист министрден позитивті контенттің мысалын келтіруді сұрады. Дәурен Абаев смартфонын ашты.
"Жаңа ғана оқыдым, қызылордалық полицей Самара-Шымкент тас жолында 122 жүргізушіге көмек көрсетті ", – деді ол.
"Бұл енді полицияның жұмысы емес пе?", – деп журналист қоймады.
"Жұмысы болса да, біз қайткен күнде де ондай кісілерге адамша алғыс айтуымыз керек", – деген Абаев басқа да позитивті тақырыптарды тізе жөнелді.
Одан кейін журналистер министрден Қостанай облысында пара алудан бас тартқан екі полицейдің жаңалығы туралы не ойлайтынын сұрады.
"Пара алмағаны үшін полицейлерді марапаттаудың өзі мазақ емес пе? Сіздің ойыңызша, бұл да позитив па?", – деген сұрақ қойды журналист Жания Уранкаева.
"Оны қалай жеткізуге байланысты. Мәселе олардың пара алудан бас тартқан жалғыз полицейлер екенінде емес. Олар бір істің аясында өздерінің әділ екенін дәлелдеді. Мұнда тұрған ештеңе жоқ", – деген жауаппен құтылды Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.