Алматыда "Айгүл" ансамблі жартығасырлық мерейтойын атап өтті
Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің "Айгүл" вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына арналған "Аңызға айналған "Айгүл" атты салтанатты кеш өтті. Бұл туралы Zakon.kz оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақ өнерінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ұйымдастырылған мерейтойлық концертте ансамблдің бірнеше буыны қатар өнер көрсетіп, өнерсүйер қауымды жастық шағына саяхат шектірді.
Кеш шымылдығы "Аңызға айналған "Айгүл" атты театрландырылған бейне қойылыммен ашылды. Онда өнер ұжымының құрылу тарихы, даму кезеңдері мен шығармашылығы кеңінен баяндалған. Режиссер Медет Ағабыловтың айтуынша, қойылымда отандық эстрадада тек қана қыздардан құралған алғашқы ансамблдің ерекшелігі мен өзіндік өрнегіне басымдық берілген.
Мерейтойлық кештің ресми бөлімінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының "Айгүлдің" мерейтойына орай жолдаған құттықтау хаты оқылды.
"Алғашқы қадамынан-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленген топтың ұлт өнерінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық дүние жасау – бүгінгі топтың басты ерекшелігі. Әсем ән мәнерімен, сахнадағы өзіндік бітім-болмысымен, ерекше дауысымен көзге түскен "Айгүл" ансамблі жастарды өнерге, жан-жақтылыққа, сұлулыққа, музыканы сүюге тәрбиелейтіні сөзсіз. Уақыт талабына сай жанданып өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан "Айгүл" вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдық мерейтойын риясыз көңілмен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық пен шығармашылық табыстар тілеймін", делінген құттықтау хатта.
Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің жартығасырлық тарихы бар өнер ұжымына деген ізгі лебізін шаһар басшысының орынбасары Арман Қырықбаев оқыды. Сонымен қатар шарада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі педагог Аягүл Миразова, қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Османқызы және өзге де жоғары оқу орындарының басшылары мен танымал азаматтар өнер ұжымының мерейтойымен құттықтады.
Өз кезегінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова көзіқарақты көпшілік "қазақ қыздарының парасат мектебі" деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өзінің 75 жылдық тарихында тек жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, еліміздің мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани өзегі, парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет ең алдымен төл тарихымен, бай мәдениетімен ерекшеленбек. Осы орайда оқу орнының студенттерінен құралған "Айгүл" вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ эстрадасында тек қыздардан құралған алғашқы ұжымға әр жылдары мәдениет саласының майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйытқы болды. Олардың қатарында Ескендір Хасанғалиев, Марат Балтабаев сынды азаматтар бар. Әлемнің 10-нан астам еліне гастролдік сапармен барған "айгүлдіктердің" ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Шоқтығы биік мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, "Халықтық шығармашыл ұжым" атағына ие болды. Бірнеше байқауларда "жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар" шығып, үздік атанды. Аты аңызға айналған топ құрамында болған әншілер бүгінде есімі елге танымал тұлғалар. Қазіргі күнде де аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Бұл тағылымды дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының тамаша үлгісі деп ойлаймын. Жарты ғасыр бойы тыңдармандарын сырлы да әсем әндерімен қуантып келе жатқан өнерпаздар бүгінде де өз биігінен түспей, шығармашылық ізденіс үстінде. Талай жастың шабытын жанып, одан әрі ұштай түсюіне ұйытқы болған "Айгүл" алдағы уақытта да ұлт мәдениетінің керегесінің кеңеюіне қызмет ететініне сенімдімін. Игілігі мол бұл істе ансамбль мүшелеріне зор табыс, шығармашылық шабыт, отбасыларына бақ-береке тілеймін, – деді өз сөзінде Гаухар Алдамбергенова.
Кеш барысында ансамблдің шоқтығы биік әндері орындалып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Олардың қатарында "Тек қана қыздар", "Гүлдерайым", "Қаракөзайым", "Су тасушы қыз", "Алматының алмасы", "Бәрінен де сен сұлу", "Қазақтың ару қыздары" сынды туындылар бар.
Сондай-ақ концертте Қыздар университетінің студенттерінен құралған "Томирис" би ансамблі де өз өнерін ортаға салып, "Сән әлемі" орталығында дайындалған қазақ киім үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Алматы аспанын әнге бөлеген кеш "Айгүлдің" жаңа құрамының орындауындағы "Жастар" әнімен аяқталды.
Бірнеше буынның жастық шағын көз алдыңа әкелетін әйгілі "Айгүл" ансамблінің жартығасырлық мерейтойы осылай ел жадында қалды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өзі "Айдай жарқырап, гүлдей жайнаса, нұр үстіне нұр болмас па?" деп "Айгүл" атауын берген өнер ұжымының кешегі бойжеткендері бүгінде ақ жаулықты ана, аяулы әжеге айналған. Елу жылда ел жаңарып жатқанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті дәстүрден жаңылмай, үрдісті бұзбай, кешегі "ЖенПИ" дің аңызға айналған ансамблінің өнерін жалғастырып келеді.