Құрылыс компанияларының заңнамаға сәйкестігін тексеріңіз

Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы (бұдан әрі - Қауымдастық) Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктеріне заң талаптары сақталмаған құрылыс нысандарының тізімін беріп, шара қолдануды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Енді Қауымдастық, заңсыз пәтер сату фактілерін болдырмау мақсатында нарыққа тоқсан сайын мониторинг жүргізіп, атқарушы органдарға ақпарат беруге ниетті. Осы мақсатта Қауымдастықта арнайы Мониторингтік бөлім құрылды.
Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтанда рұқсат құжаттары жоқ, құрылысы тоқтап тұрған бірнеше объектілер анықталды, олардың ішінде: "Ұлпан", "Зере", Altyn Tulip, "Куршевель", "Араби" мен "Араби-2", Parasat, Royal Expo Apartments тұрғын үй кешендері.
Қауымдастық сайтында атап өтілгендей, кейбір компаниялар рұқсат құжаттарынсыз үлескерлердің ақшасын тартып, сенгіш адамдарға пәтер сатуда, бүгінде заңсыз жолмен сатылған пәтерлердің саны 1 мыңнан асады.
Қауымдастық көрсеткен фактілердің ішінен сатып алушылар үшін неғұрлым қауіпті болған Station City тұрғын үй кешені ерекше аталады (Мониторингтік тобының сапары кезінде құрылыс алаңы бос болған). "Табысты" тұрғын үй кешенінде адамдар салынып бітпеген үйде тұруда, ал құрылыс салушы объектінің бірін бітірмей, екіншісін сатуға кіріскен. Елордалық төрт тұрғын үй кешенінде пәтерлер рұқсат құжаттарынсыз сатылуда: Queens, Bronx, "Айналайын" және "Амстердам" тұрғын үй кешендері.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда абаттандыру жұмыстары жасалмаған, яғни балаларға арналған ойын алаңдарынсыз тапсырылған үйлер де бар.
- Үй абаттандырылмаған, кіреберістерде жарық жоқ, өртке су себетін түтік құбырлары жоқ. Ал пәтерлер сатылуда. Тұрғындар тұрып жатыр, бірақ онда тұру қауіпті, өйткені құрылыс жұмыстары жалғасуда, - делінген Қауымдастық сайтында.
Алматыда да үлескерлердік ақшасын тартуға арналған рұқсаттардың болмауына байланысты Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы анықталды. Осы рұқсаттардың жоқтығына қарамастан, компаниялар пәтер сатуды белсенді жүргізуде: Forum Residence, Novella, Lamiya, Nomad, Otau және Sholpan City тұрғын үй кешендері.
Бұл нысандар үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алған компаниялар тізімінде жоқ, бұл тізім әдетте Алматы қаласы әкімдігінің жоспарлау және урбанистика басқармасының сайтында ашық түрде жарияланады. Бірақ осындай компанияларға қатысты мемлекеттік бақылаудың жүргізілмей жатқаны түсініксіз. Үлескерлердің ақшасын тартуға ресми рұқсат алғаннан кейін сатылым жүргізетін объектілерде қалалық билік әрбір шартты бекітеді, бұл бір пәтерді екі есе сату мүмкіндігін болдырмайды. Бірақ үлескерлердің ақшасын тартуға ресми рұқсаттардың болмауына байланысты, қазір мұндай есепке алу жоқ, сондықтан бұл Қауымдастық үшін алаңдаушылық туғызуда.