Билік енді уәдесінен тая алмайды - саясаттанушы
"Митингке шыққандардың талабы орынды. Мемлекет әлеуметтік осал топтарды жан-жақты қолдауға уәде берді, енді түрлі сылтау айтып билік одан құтыла алмайды". Бұл туралы саясаттанушы Данияр Әшімбаев "Время" басылымына берген сұқбатында айтты.
"Елді көшеге шықты деп айыптауға болмайды. Өйткені еліміздегі әлеуметтік жағдай мүшкіл. Экономикамыз да тұралап тұр. Халықтың шын табатын ақшасы өсіп жатқан жоқ. Теңге бағамына қатысты саясат та көп сұрақ тудырады. Соңғы кездері халыққа салынатын салмақ та артып кетті.
Қарап тұрсаңыз, кредит алған жағалай ел. Адамдар банктен, шағын несие ұйымдарынан, терминал болсын, онлайн болсын, телефон болсын, әйтеуір кредит алып жатыр жаппай. Бұл халықтың өмір сүруіне ақша жетпей жатқанын көрсетеді. Соңғы кездері ломбард, ойын орындары қаптап кетті. Казиноны айтып тұрғаным жоқ, ойын автоматтары, букмекерлік кеңселер, тағысын тағы. Бұл кез келген жолмен болсын, елге ақша керек екенін білдіреді. Өйткені Қазақстан халқының басым бөлігі бір айлықтан екіншісіне ілди-балдилап өмір сүреді. Яғни, тапқан табысы ары кетсе тамағы мен коммуналдық қызметттердің ақысын өтеуге ғана жетеді. Оның үстіне олардың көбісінің өз баспанасы жоғын да ұмытпаған жөн. Тапқан табысының үлкен бөлігі пәтерді жалдау ақысына кетеді. Сондықтан үй-жайын жақсартқысы келетіндердің талабы дұрыс та.
Не болмаса, қараңыз. Мемлекет үнемі демографияны қолдауға басымдық беретінін жиі айтады. Сондықтан көпбалалы аналардың талабы орынды. Көп болсын деді үкімет, сол міндетті орындады олар, бала туды. Енді сол балаларға үкімет дұрыс жағдай жасауы керек қой. Бұл - үкіметтің міндеті, - дейді саясаттанушы.
Газет тілшісі мұндай жағдайда бюджет ақшасына малданып, масылдық дендеп кетпей ме елімізде деген сауалды ортаға тастады. Бұл ретте саясаттанушы көпбалалы аналардың масыл емес екенін кесіп айтты.
"Оныңыз дұрыс. Капиталистік қоғамда масылдық деген болмау керек. Оны қолдаймын. Бірақ, қараңызшы,мемлекет жылдар бойына корпоративтік секторды, екінші деңгейдегі банктерді қаржылай қолдап келді. Бір банкті аман алып қалу үшін бірнеше миллиардтаған ақша жұмсады. Бірақ сол ақшаның ешқайсысы қайтарылмады. Халық осының бәрін көріп-біліп отыр ғой. Осыдан кейін оларға "өз күніңді өзің көр!" деп қалай айтасың? Қалай түсіндіресің бұл жағдайды?Онда шындап біз әркім өз жағдайын өзі жасайтындай, ешкімге көмек қолын созбай капиталистік қоғам құрайық, не болмаса барлығына бірдей қолдау көрсетейік. Ешкім тоқалдан туған жоқ қой. Осы жағынан алғанда, біздің мемлекеттік мораль өте әлсіз", - дейді Данияр Әшімбаев.