Елордада көпбалалы аналар тағы да митингке шықты
Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналар наразылық білдіріп, көшеге шықты. Олардың басты талабы - баспана деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Митингіге жиналғандар тізім жасап, әкімдікке тапсырды. Тізімде 59 адамның аты-жөні жазылған. Ашынған көпбалалы аналар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескісі келетіндерін жеткізді. Наразылы халықтың арнын басу үшін оқиға орнына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінінің орынбасары Светлана Жакупова мен жуырда ғана тағайындалған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де келген.
"Біз әрбір ананың мұң-мұқтажын түсініп отырмыз. Көпбалалы отбасы екенін де білеміз. Бірақ қазір үйді бере салу деген жоқ. Бізде үй кезегінде көп адамдар тұр. Оларды да ұмытпауымыз қажет", - деп Бақтияр Мәкен әйелдерді тыныштандыруға тырысты.
Аналарды бейбіт келісімге шақырмақ болды, алайда аналар наразылықтарын тоқтатпайтындарын жеткізді.
"Наразылығы, олар біріншіден, айтып отырған мәселе баспана деп отыр. Баспанаға кіру үшін бірнеше бағдарлама бар. Сондықтан, біз аналарға өзіміз талап етіп отырған залға кіруді өтіндік, залға әкімнің орынбасары келіп отыр. Олар сұрақтардың бәріне жауап береді", - деді Светлана Жақыпова.