"Өзін же...". Дүкеннен "самопал" қызанақ сатып алған әйел шу шығарды
Әлеуметтік желіде жасанды қызанақ туралы видеоға қатысты агроном пікір білдірді деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Агроном сыртқы қызыл, іші жасыл, созылып, тіпті жеуге келмейтін қызанақтың химиялық қоспа "туындысы" екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, мұндай тәсіл КСРО кезінде де қолданылған екен.
Әлеуметтік желіде таралған видеоны Қырғыз елі аумағындағы дүкеннен азық-түлік сатып алған әйел түсірген. Видеодан қызанақтардың резеңке секілді қатты екенін көруге болады.
"Қызанақты турап едік, іші жап-жасыл. Әлі піспеген шығар деп ойладым, алайда резеңке сияқты созылып жатыр, өте күмәнді. Абай болыңыздар", - деп ескертті видео авторы.
Еңбек өтілі мол агроном Авазбек Қасымов видеодағы жағдайды түсіндіріп берді. Видеоны көрген маман көкөністің химиялық өңдеуден өткен болуы мүмкін екенін топшылады.
"70-80 пайыз піскен қызанақтарды сатылғанда түрі әдемі болсын деумен химиялық өңдеуден өткізеді. Менің білуімше, мұндай заттар КСРО кезінде де пайдаланылған. Видеодан қызанақтың көк екені, мүлдем піспегені көрініп тұр. Қазіргі фермерлер аз уақыттың ішінде пайда табу үшін көкөністерді өңдеуден өткізетіні түсінікті", — дейді Қасымов.
Қасымов химиялық заттарды дұрыс қолданбағаннан, көкөніс бүлініп, "резеңкеге" айналғанын атап өтті.