Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақ елінің енді екі жолы ғана бар

ng.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.07.2019 16:40 ng.kz
Қазақтың несібесіне ортақтасып отырған келімсектердің түкке керегі жоқ.

"Біздің Қазақ елі 21-ші ғасырдың жолайрығында тұр. Тұрғанына да ұзақ уақытқа таяды. Бізде тұрақтылық дейді. Тұрақтылық – тыныштық пен қандай да бір қозғалыстың жоқтығы, ешқандай өзгеріске құлқы жоқ қоғамның бет-бедерін көрсетеді", деп жазады желіде сарапшы Бекболат Қаржан.

Оның ойынша, тұрақтылық деген – дамудың мүлдем жоқтығы мен вакуумдегі тіршілік қана.

– Тас болып қатып қалған, ешқандай да өзгеріс болмайтын жүйенің тұрақтылығы түбі жарылысқа алып келеді. Кез келген жүйе қозғалыс арқылы ғана дамиды. Қозғалыс жоқ жерде жансыздық, өмірдің болмауы ғана бар. Осындай жолайрыққа келіп тұрған ұлттың бір нүктеге келіп ұзақ тұрақтап қалуы, ұзақ жылғы асыл мұраты мен мақсаты өз еркіне сай орындалмай, өзіндік жолын таба алмай, алдағы бағыты мен бағдарын айқындай алмауы да өз ертеңі үшін тарихи сын, – дейді ол.

Қазақ дүниедегі өзге өркениетті ұлттар сияқты өзіндік ұлттық даму жолымен жүріп, ауқаттанып, қуатты елге айналғысы-ақ келеді. Бірақ оған ескіліктен қалған кеңестік жүйенің орынбасарлары мен жанашырлары жол беретін емес, деп пайымдайды ол.

– Тұрақтылық дегенді де солар ойлап тапты. Бұл саяси өмірде де, практикада да тежелу ғана. Бұл жүйенің ендігі бағыты қазақ елінің алдағы жүретін жолын айшықтап бере алмайды. Бұл тек регресс пен кері кету ғана. Біз, Алаш жұрты, 21-ші технологияның ғасырындағы жолайрықта өз таңдауымызды жасап, прагматикалық құндылықтар мен негіздерге сүйене отырып, үлкен өзгерістерге қадам басатын кезеңге келіп тұрмыз. Біз не алға қарай қадам басамыз, не болмаса кері кетеміз. Осы екі жол ғана бар, – дейді тағы.

Мемлекеттің даму стратегиясын айқындап, елдік мақсат-мұраттарды жүзеге асыра алатын дұрыс басқару жүйесіне көшпесек, онда біз тағы да бірнеше жылдарға кешігіп, артта қалатынымыз анық екен.

– Уақыт зымырап өтіп барады. Біз кеңестік коммунисттер салған жолдан кетіп, өз позициясы бар, өркениетті елдердің ғылымы мен білімін бойына жинаған, елдік пен бірлікті ту еткен жас буындарға тізгін ұстатуымыз керек. Алаш жұрты түгелімен осы бастаманы қолға алмаса, елдігі мен бірлігін осы жолда көрсетпесе, біз анық кешігеміз. Кешігіп те қалдық. Біздің басшылық кезінде "Азияның Барыстарына", Кувейтке де жетеміз деп уәделерді талай айтты. "Қазақстан-2030", "Қазақстан-2050" деген мемлекеттік стратегиялық жоспарларды да қойып тастады. Араға ширек ғасырдан астам уақыт салып, бұл мемлекеттік стратегиялық жоспарлар жайына қалды. Бұл ауқымды жоспарлардың іске аспауы да заңдылық еді. Біздің жоғарыдан төменге дейінгі басшылық та, басқару жүйесі де кеңестің қазанынан қайнап шыққан коммунистік тәрбие алғандардың қолында қалды. Олардың кадрлық даярлығы да, менеджменті де жоқ, жемқорлыққа шаш етектен батқан билікқұмар буын болды. Тәуелсіздіктің рахатын Алаш жұрты көрген жоқ, керісінше, сол кеңестік басшылықтағылар ғана көрді. Әлі сол бойы жалғасуда. Ұят та жоқ, қазақ халқына рақметі де жоқ, оның есесіне, ұлтын, тарихын, тілі мен дінін де ұмыттырып, қазақты елдігінен де айырғысы бар ниеттері де көрінді. Бұлар кешегі президент сайлауында, Арыстағы болған жағдайға байланысты қазақтың бір-біріне көмек қолын созып, бірігіп кеткеніне үрейлене қарай бастады. Бұлар қазақтың бірлігіне мүдделі емес. Қазаққа жаңашылдық пен жаңа басқару жүйесі, жаңа форматтағы басшы азаматтар керек. Заман да, адам да өзгерді. Ендігі жолы мынау жүйенің дегені өтпейді, қазақ жұрты олардың дегенін көтере де алмайды. Біз жаңа құрамды, заман көшіне бастайтын өкіметтің ел мүддесіне жұмыс істеуін 20 жылдан бері күтіп келе жатырмыз. Негізі, оны күтіп отырған қазақтың өзінен де кінә бар. Күтпеу керек, – деп қосады пост авторы.

20 ғасырдың екінші жартысында Малайзияда да дәл қазіргі біздегі жағдай болған. Тек қана жоғары шенділердің ұлдары мен қыздары ғана билікті иемденіп, шет елдердегі таңдаулы оқу орындарында тек солардың ұл қыздары ғана оқып келіп, биліктің тұтқасына жабысып отырды.

– Малайзия да отарда болды. Мұның барлығы да отарлық езгідегі елдерге тән құбылыс. Бірақ түптің түбінде басқару жүйесінің ауысып, халықтын жаңа тынысы ашылатыны да анық еді. 1969 жылдары Малайзия билігінде жаңару мен өзгеріс басталып, үлкен реформаларды іске асыру науқаны жүре бастады. Парламентке Малайзия Ұлттық Ұйымы тарапынан жаңа мандаттармен келген жас буын өте тың күшпен өзінің миссиясына кірісті. Басшылыққа Махатхир Мохамадтың келуі Малайзияның жаңа индустриалдық дәуірге қадам басуымен тікелей байланысты болды. Сөздің түйіні, елдің көркейіп, қанатын кеңге жаюы тек сауатты, ұлтшыл, білікті, мінезді, елшіл, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алатын басшылыққа ғана байланысты. Ал, шовинист, жемқор, ұр да жық дарынсыз басшылық дәл біздің ел сияқты қысыммен ғана ұстап, тұрақтылық болсын деп, қоғамды ішінен күйзеліске салып отырады. Мұндай қоғам ешқашан да өркениеттің жолына түсе алмайды. Бәрінен кенжелеп жүреді. Алғашқы реформалардан кейін Малайзия басшылығы АҚШ-тың мемлекеттік даму стратегиясын зерттеп қарап, "позитивті дискриминацияға" көшті. Малайлықтар мемлекеттің жеңілдіктерін пайдаланып, бизнес пен экономиканы, банк секторларын, өндіріс салаларын игеріп, үлкен акционерлерге айналды. Жиырма жылдың айналасында малай ұлты елдегі ресурс пен қазынаға, байлықтарды иемденген ел қожайындары болып шықты. Ал біздің елдегі ахуал 30 жыл өтсе де шеттен келген инвесторлар мен келімсектердің қолында сол бойы қалды. Қазақ баласы тіпті мұнай мен құрылыс саласында субподряд та бола алмай сандалып, күнін әрең көріп отыр. Біздегі уақыт бар нәрсенің шегі болатынын, қазақ баласына өз мүлкіне қожайын болатын кез келгенін көрсетіп отыр. Бізге енді инвесторлар мен қазақ баласының несібесіне ортақ болып отырған келімсектердің түкке де керегі жоқ. Қазақ баласы өздігінен өндірісті жүргізе алады. Астананы да қазақ баласы салып жатыр, мұнайды да қазақ баласы қазып жатыр, – деп қосады Бекболат Қаржан.

"Бізге елдің басшылығына белсене атсалысатын елшіл жастар керек. Біз де осылай прогреске жол ашатын, жемқорлықтан ада өкімет жасақтамасақ, анық кешігеміз", деп ескертеді ол.

– Ол үшін елдің мүддесін көтерген азаматтар ниеттері елі үшін болса бірігуі керек. Оны жасайтын халық қана. Бәрін Алла реттейді деп отырсақ, әрекет жасамасақ, бүгін-ақ бармағымызды шайнаймыз. Осы уақытқа дейін біздегі жыл санап асқынған жемқорлықты қолдан жасап отырғандардың мемлекет пен болашақ ұрпақ алдында жасаған қылмысын түгендеу тіпті мүмкін емес. Бізде осы уақытқа дейін ұлттың болашағы жемқорлардың тарапынан аяусыз ұрланып келді. Мұның ертең сұрауы болады, – деп аяқталады жазба.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: