Елордада 4 баласымен жертөледе тұрып жатқан отбасыға қатысты ресми орган пікір білдірді
ҚР Көші-қон қызметі комитеті 4 баласымен жертөледе тұрып жатқан Бибіғайша Исабековаға қатысты ресми ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бірқатар БАҚ беттерінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 4 баланың анасы жарты жылдан бері жертөледе тұрып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Көші-қон қызметі комитеті мақала кейіпкерінің баспана кезегіне неліктен тұра алмағанын түсіндірді.
"Заң бойынша, республикалық маңызы бар қалаларда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу кезінде оның қала аумағында тұрақты кем дегенде 3 жыл тұруы талап етіледі. 1974 жылы туған Бибіғайша Болатқызы Исабекова тек осы жылдың қаңтар айында ғана тұрғылықты жері бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Жеке куәлігін де алғаш рет осы кезде рәсімдеген. Аталған кезеңге дейін Астанада тіркеусіз және жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған", - делінген ресми мәліметте.
Комитеттің ақпаратына қарағанда, көпбалалы ананың мәселесі сот арқылы шешілуі мүмкін. Қалалық көші-қон қызметінің тіркеу есебі бойынша оның 2019 жылға дейін елордада тұрғаны расталмады. Ол өзінің қала аумағында қанша уақыт тұрғанын дәлелдеу үшін ҚР азаматтық-құқықтық кодексінің 306-бабы бойынша сотқа жүгінуі қажет", - деді комитеттегілер.