Жаңалықтар тізбегі
0

"Адам ағзасын заңсыз алды" деп айыпталған қазақ дәрігеріне қатысты тағы бір тың дерек шықты

Facebook, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.07.2019 18:12 Facebook
Онымен бірге байланысты болған Қырғыз Республикасының азаматы да қамауға алынды.

Адам ағзаларын заңсыз алды деп айып тағылып, 3 айға жуық уақыт қамауға алынған трансплантолог дәрігер Ғани Құттымұратовтың ісіне қатысты тағы бір дерек анықталды, деп хабарлайды Астана телеарнасына сілтеме жасап, Zakon.kz.

Бұл істе қазақстандық дәрігермен қоса қырғыз азаматы да күдікке ілінген. Ал қазақстандық дәрігердің әріптестері еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінен Ғани Құттымұратовты тергеу амалдары аяқталғанша, уақытша босатуды сұрап, хат жазыпты. Олар оның кінәсі жоқтығын айтып, дәлелдер келтіреді.

Күдікті тар қапаста отырып, әріптестеріне хат жолдаған екен. Онда ол "мені Израильдік компаниямен келісе отырып, шетел азаматтарына заңсыз ота жасады деп айыптауда" деп жазған көрінеді. Ал, еліміздегі белгілі ақхалаттылар кеше баспасөз мәслихатын өткізіп, "Құттымұратов тек басшылардың айтқанын орындаушы, ол шетелдік компаниялармен жеке дара келісімге келмеген" деп мәлімдеді.

- 2017 жылы Израиль компаниясы Құттымұратов бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген ұлттық онкологиялық және трансплантологиялық орталықтың басшылығымен Қазақстанда медициналық туризмді ұйымдастыру үшін тірі донордан бүйрек трансплантациясын жүргізу және осы орталықтың базасында ауыстыруға шетелдік пациенттерді тарту бойынша транспланттау келісімшартын жасайды. Шартта барлық ұйымдастырушылық, заңдық, қаржылық аспектілер көрсетілген. Келісім жасалған сәттен бастап орталыққа шетелдік донорлар да, реципиенттер де түсе бастайды, - деді "Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау" қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрлыбек Өсербаев.

Тіпті атақты транспантолог Юрий Пя да "тағылған кінә ақылға қонымсыз", - дейді.

- Енді Құттымұратов бүйректі ауыстырып салу бойынша жеке-дара ауруханаға жатқызуды, ұйымдастыруды және оперативтік араласуды жүргізді деп айыпталуда. Әрине, ол бөлім меңгерушісі ретінде ауруханаға жатқызуға қатысқан, бірақ ол оны ұйымдастыруы, яғни, пациенттермен келісіп, оларды тауып, олардың арасында қандай да бір келісім жасауы мүмкін емес, - дейді "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ Басқармасының төрағасы Юрий Пя.

Айыпталушының қорғаушысы Құттымұратов 1-ші мамырдан бастап қамауда екенін айтады. Ол соттың санкциясымен 4 айға темір торға тоғытылған. Сондай-ақ, дәрігермен бірге шетел азаматы да күдікке ілініп, қолына кісен салынған.

- Қазіргі кезде екі адам қамауда отыр. Біреуі Құттымұратов - дәрігер, екіншісі - Қырғыз Республикасының азаматы. Әйел адам аудармамен шұғылданған. Басқа адам ұсталған жоқ. Енді шетелдіктер орыс тілін де, қазақ тілін де білмейді ғой. Басқа елдің азаматы болғаннан кейін сол кісілердің арасында аудармашы болып қызмет жасаған, - дейді адвокат Алдирза Қуанышкереев.

Қылмыстық кодекстің қос бабы бойынша күдікке ілінген дәрігер ісін Ішкі Істер министрлігінің тергеу комитеті жүргізуде. Тіпті мемлекетаралық тергеу тобы да құрылған.

- Адамдардың органдарын болмаса терілерін заңсыз саудалау, болмаса соған мәжбірлеу және де трансұлттық топқа қатысу арқылы қылмыс жасау бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.Тергеу амалдарын іске асыру үшін өзара, яғни мемлекетаралық, ведомстволық тергеу тобы құрылып отыр, - дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз.

Қазақстанда трансплантация жасау өзге елдермен салыстырғанда арзанырақ. Мысалы, Еуропа елдерінде бүйрек трансплантациясы 80 мың доллардан 150 мың долларға дейін жетеді. Ал шетелдік азаматқа мұндай операцияны Қазақстанда жасату үшін 7-8 мың доллар көлемінде қаржы қажет екен.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: