Шымкенттегі үш жасар қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды
Шымкент полициясы көмек қажет еткен үш жасар қызды тастап кетті деген күдікпен ер адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына тоғытты, деп хабарлайды Zakon.kz қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот-медициналық сараптаманың алдын-ала қорытындысына сүйенсек, бүлдіршін биіктен құлап, өз құсығына тұншығу, яғни механикалық асфиксиядан көз жұмған. Дегенмен баланың ата-анасы бұл тұжырыммен келіспейді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу шаралары әлі жүргізіліп жатыр. Бұл іс қалалық полиция бөлімі департаментінің басшысы мен прокуратура басшылығының тікелей бақылауына алынған.
Айта кетсек, алдында Шымкент қаласының әкімі әлеуметтік желіде жазба жариялап, бұл іске қатысты көрші адам ұсталғанын айтқан. Әкімнің айтуынша, «әкеме барамын» деп қыңқылдаған соң көршісі қызды ертіп жүрген. Биік қоршаудан секіріп өтпек болғанда ол қызды құлатып алып, қорыққанынан оны сол арада қалдырып қашып кеткен.