Қарағандыда жаңа үлгіде жұмыс істейтін ферроқорытпа зауыты ашылды
Қарағандыда автоматтандырылған жаңа ферроқорытпа өндіру зауыты ашылды. Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауыты – Қазақстан өндірісін жаңа белеске көтеретін ел экспортына бағытталған жаңа үлгідегі кәсіпорын, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кәсіпорында алғашқы кезеңдерде жылына толықтай экспортқа бағдарланған 180 мың тонна өнім шығару көзделген.
Жобаның басты ерекшелігі — "Индустрия 4.0" бағдарламасы аясында өндірістік циклдің жаңа технологиялық әзірлемелерін енгізу.
Бұл туралы осы зауыттың ашылу салтанатында ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин мәлімдеді.
- Алдағы уақытта жыл сайын 240 мың тоннаға дейінгі көлемде өнім шығару көзделген. Газ тазарту жүйелерінің кешені және көмірдің орнына электр қуатын пайдалану атмосфераға таратылатын зиянды қалдықтарды толықтай бейтараптандыратынын, сәйкесінше, қоршаған ортаға теріс әсері барынша аз болады бұл зауыттың, - деді ол.
Жаңа ферроқорытпа зауыты металлургия саласындағы басты кәсіпорындардың біріне айналады және тек өңірдің ғана емес, сондай-ақ жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң үлесін қосады.
YDD Corporation құрылтайшыларының бірі Ерлан Нығматулиннің айтуынша, жаңа ферроқорытпа зауыты Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыратын тағы бір кәсіпорын болмақ.
Ферросилицийдің негізгі көлемі Ресейге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа және Еуропалық Одақ елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, дайын өнім өндіру кезіндегі қазақстандық қамту үлесі 94 проценттен астамды құрайды.
Зауыт құрылысы кезеңінде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оны пайдалану кезеңінде 350 тұрақты жұмыс орны ашылады, екінші кезең іске асырылған жағдайда олардың саны 550-ге дейін артады.