Атырауда әйелді бір қойып, ыржалаңдаған еркекке қатысты тың дерек шықты
Атырауда базарда өз-өзімен тұрған келіншекті өтіп бара жатып бетінен жұдырығымен бір қойып, ыржалаңдап кете барған еркекке қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратурағылар ұсталған ер адам 1986 жылы туған күдікті екендігін, оның есінің дұрыс еместігін жеткізді.
"2010 жылдан бері ол облыстық психоневрологиялық диспансерде есепте тұр. Қазіргі кезде «тұлғасының тұрақсыз эмоциялық бұзылуы» диагнозымен облыстық психологиялық денсаулық орталығына орналастырылған. Денсаулыққа келтірілген зиянның деңгейін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы белгіленді. Тексеріс прокуратураның қадағалауында", - деді ведомство өкілдері.
Айта кетсек, алдында әлеуметтік желілерде Атырау қаласындағы "Дина" базарының бейнебақылау камерасына түскен бейнежазба тараған. Онда зіңгіттей ер адам өтіп бара жатып, бір әйелдің бетінен аямай жұдырығымен бір қойып, одан кейін көңілді күйде секіріп қойып, ары қарай кете барады.
Атырау облыстық полиция департаменті алдында күдіктінің ұсталғанын, осы жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, яғни "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары қолға алынғанын мәлімдеген еді.