Арысқа Жамбыл облысының ақсақалдары келді
Бүгін Арыс қаласына Жамбыл облыстық мәслихатттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған мәслихат депутаттары, Қоғамдық және Ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен мүшелері арнайы келіп, қаланы қалпына келтіру шараларымен танысты.
Олар орын алған төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша облыс штабының жұмыстарын көзбен көріп, өңірге тиесілі 3-сектордағы құрылыс барысын жан-жақты барлады. Сондай-ақ, сапар барысында халық қалаулылары жергілікті тұрғындармен кездесіп, хал-жағдай сұрасып, мал сойып, құдайы таратты.
Айта кетейік, бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру шаралары қарқынды атқарылуда десек, ондағы жамбылдық құрылысшылардың жұмысы жемісті деуге толық негіз бар. Нәтижесінде, бүгінде облысқа тиесілі бөліністегі 190 жеке тұрғын үйді толығымен жөндеп, пайдалануға беріп үлгерді. Ал, 120 үй бойынша қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Онда 4 мердігер мекеменің 500-ден астам құрылысшысы еңбек етуде. Барлығы 20-дан астам техника жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысындағы Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында жойқын жарылыстар басталған. Таңғы сағат 09:20-да өрт сөндіру қызметіне Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, өртке ұласқаны туралы алғашқы хабар келіп түскен.
Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысының жұртшылығы қол ұшын созған болатын. Төтенше жағдайдың зардаптарын жою және жапа шеккендерге көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінде арнайы штаб құрылып, оқыс оқиғаға Жамбыл жұртшылығының берген көмектерін бір орталықта жинау мақсатында арнайы пункттер ашылған еді. Нәтижесінде Жамбыл облысынан 75 тонна азық-түлік, киім-кешек тағы басқа тұрмысқа қажетті заттар тиелген жүк көліктері Арыс қаласына жеткізілді. Бұдан бөлек медициналық қызмет көрсету мақсатында да қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған арнайы 4 бригада жіберілді. Сонымен қатар Түркістан облысы денсаулық басқармасының сұранысымен 2,2 миллион теңге көлемінде қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілген.
Бұдан бөлек, Арыс қаласынан Жамбыл облысына көмек сұрап келген 170-тен астам азаматқа жан-жақты көмек көрсетіліп, жайлы жағдайлар жасалды.