Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 8 жасар бала ауруханада көз жұмды
Арыстағы жарылыс кезінде жарақаттанып, ауруханаға түскен 8 жасар бала көз жұмды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханалардың бірінде болған.
Нұр Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты растады, бірақ толыққанды мәлімет беруден бас тартты.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз өкілдеріне бұл баланың жағдайы ауыр екенін, оның оңалып кетуіне мүмкіндік өте төмен екенін қынжылыспен жеткізген еді.
- Өкінішке қарай, 8 жастағы бір баланың жағдайы өте қиын. Біз оны Нұр-Сұлтанға ауыстырғалы қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз: Ресейден мамандар да шақыртып, бірнеше рет кеңес өткіздік. Біздің мықты-мықты деген нейрохирургтер қарап жатыр, өкінішке қарай, баланың беті қарар түрі жоқ. Менің өзім күнде ол балаға қатысты жеке ақпараттар алып, бәрін қадалағап отырамын. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасауда, бірақ оң нәтиже көрінбеуде, жағдайы қиын, - деді Біртанов.
Айта кетсек, 24 маусымда Арыстағы қару қоймасы жарылып, адамдар жаппай қаладан қашқан. Сондай аласапыранда 8 жасар Аян Шәріпбекті көлік қағып кетіп, басы жарақаттанған еді. Оны 28 маусымда санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына шұғыл жеткізген. Дәрігерлер оған ота жасап, шетелден дәрігерлер шақыртқан.
Жалпы, Арыстағы жарылыс салдарынан алдында үш адам қаза тапқан еді.