Қасым-Жомарт Тоқаев Трампқа көңіл айтып, жеделхат жолдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Көптеген күнәсіз адамдардың өмірін жалмаған трагедиялық оқиғаға байланысты Дональд Трампқа көңіл айтып, хат жолдадым. АҚШ үшін мұндай қайғылы қаралы күні Қазақстан халқы америкалықтардың қайғысына ортақтасып, көңіл білдіреді. Сізге қайғырып көңіл айтамын" деп жазды Президент Twitter-де.
Айта кетсек, АҚШ-та 4 тамызда көпшілікке оқ жаудырған үш оқиға орын алды. Алдымен, Техас штатындағы Эль Пасо қаласындағы Уолмарт сауда орталығына жасалған шабуыл салдарынан 20 адам қайтыс болып, 26 адам жарақат алды. Бұл оқиғада оқ жаудырушы 21 жастағы американдық Патрик Крусиос ұсталды. Ол осы әрекетіне дейін Twitter-де наурыз айында Жаңа Зеландиядағы мешітте болған террористік шабуылды қолдайтын манифест жариялап, АҚШ-тың мәдениеті мен экономикасы мигранттардан зардап шегіп жатқанын жазған.
Одан кейін Огайо штатындағы Дейтон қаласында атыс болып, тоғыз адам қаза болып, тағы 26 адам жарақат алды. Бұл оқиғада адамдарға оқ жаудырушы 24 жастағы Коннор Беттстің өзі де және оның қарындасы да мерт болды.
Үшінші оқиға Чикагодағы ойын алаңында болды. Ол арада жеті адам жарақат алды. Қара Chevrolet Camaro мінген қаскөйдің ұсталғаны туралы, әзірге хабар жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тағы бүкіл федеральдық ғимараттарда ілініп тұрған туды түсіріп, оны үш күнге, яғни 8 тамызға дейін көтермеуді бұйырды. Ал көпке оқ жаудыраушыларды Ақ үй басшысы "психикалық ауытқуға ұшырағандар" деп атады.